Алаяқтар Алагөзовтар атынан «қор ашып», жалған инвестиция ұсынады

Коллаж: NoFake.kz
Желіде танымал продюсер Баян Алагөзова мен оның күйеуі Тұрсын Алагөзовтың атын пайдаланып, азаматтарды сан соқтырып жүрген алаяқтар туралы ақпарат шықты, деп хабарлайды NoFake.kz.
Танымал тележүргізуші Айгүл Мукей өзінің Instagram парақшасында құрбысының алаяқтардың тұзағына түсе жаздағанын айтып, бейнеүндеу жариялады. Бұл видеоны продюсер Баян Алагөзованың өзі де парақшасындағы “стористе” жариялады.

Белгісіз біреулер Telegram желісінде жалған аккаунттар ашып, халыққа ертегідегідей өмір уәде еткен.
«Маған бір таныс әйел телефон соғып: «Айгүл, сен Баян Алагөзова мен оның жұбайын танисың ба? Мен Баянмен сөйлескім келеді. Себебі мен Алагөзовтер отбасының қорына жүгінген едім», — дейді. Сол сәтте мен: «Тоқта! Қандай Алагөзовтер отбасының қоры? Не туралы айтып тұрсың?», — дедім. Оған “Алагөзовтер отбасының қорынан” хабарласып: «Алагөзовтер отбасылық қоры ваучерлік инвестицияға қатысу үшін 13 орын бөледі. Орташа табыс 500 000 теңгеден 800 000 теңгеге дейін жетеді. Баян Мақсатқызы әрбір қатысушыға жеке өзі қолдау көрсетеді» деп жазған екен», — дейді журналист.
Видео астындағы пікірлерге мән берсек, дәл осындай алаяқтық ұсынысқа сеніп, ақша аударған адамдар бар екенін көреміз.

Алаяқтар сенімділікті арттыру үшін арнайы чаттар ашып, оған тізімге ілінген өзге де «бақытты жандардың» суреттері мен жалған оқиғаларын жүктеп отырған. Ал ең қызығы — жобаға қатысқан 13 адамның барлық шығынын танымал отбасы өз мойнына алады деп сендірген.
«Ары қарай не уәде етеді дейсіз ғой? Коммуналдық қызметтердің ақысын 5 жыл бойы толық төлеп беру, 5 жылға толық медициналық қолдау, ота жасату, сақтандыру, чекаптар — бәрін-бәрін тегін жасау. Мұны Баян Алагөзова мен күйеуі Тұрсен жеке өздері қадағалайды-мыс. Мен сіздерге айтқым келетіні — бұның бәрі өтірік. Олардың ешқандай қоры жоқ», — деп дабыл қақты Айгүл Мукей.
Тележүргізуші өз сөзінде қанша жерден ақылды, көзі ашық азамат болса да, танымал есімдерді көргенде адамдардың психологиялық тұрғыдан алданып қалатынын жеткізді. Ол желі қолданушыларын кез келген ақпаратты ресми дереккөздерден тексеруге шақырды.
«Тіпті олар болмаса да, ешқандай танымал адамның тегіне алданбаңыздар. Ешкім сіздерге тегін ота жасап бермейді, әсіресе коммуналдық қызметтеріңізді төлемейді. Өтінемін. Қымбатты бауырларым, жастар мен үлкендер, өтінемін, мұндай ақпаратқа сенбеңіздер. Мен сіздерді сақтандырғым келеді. Аман-сау болайық!», — деп сөз қорытты тележүргізуші.
Расымен алаяқтар танымал адамдар мен компаниялардың беделін өз мақсаттарына жиі пайдаланады. Сондықтан кез келген өте тиімді ұсынысқа үлкен күмәнмен қараған жөн.


