NoFake

Бизнеске банк аударымы арқылы төлем жасауға тыйым салынады — фейк

Фото: pixabay.com

Әлеуметтік желіде 19 шілдеден бастап бизнес өкілдеріне банк аударымдары арқылы төлем жасауға тыйым салынатыны туралы ақпарат тарады. Nofake.kz мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Facebook әлеуметтік желісінде «Kaspi» мобильдік қосымшасында 19-шы шілдеден бастап аударым болмайтынын, жалпы бизнес өкілдеріне төлем ретінде аударым жасауға тыйым салынатыны туралы пост жарияланды.

Скриншот: Facebook әлеуметтік желісінен

«Kaspi» банк не дейді?

Nofake.kz аталған мәселе бойынша, алдымен Kaspi банкіне хабарласты. Ондағылар аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Жоқ, 19 шілдеден бастап Kaspi.kz-тағы аударымдар жұмысын тоқтатады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Kaspi.kz-тің барлық сервистері, соның ішінде клиенттер арасындағы аударымдар, штаттық режимде жұмысын жалғастыра береді.19 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №388 қаулысы күшіне енеді. Ол тауарлар мен қызметтерге төлем жасауға қатысты: кейбір кәсіпкерлер тек банктік карталар арқылы ғана емес, сонымен қатар QR-код арқылы да төлем қабылдауға міндетті болады.

Бұл өзгерістер клиенттер арасындағы аударымдарға қатысты емес және Kaspi.kz сервистерін өшіруді көздемейді», — делінген банк хабарламасында.

Ұлттық банк түсініктемесі

Аталған ақпаратты ҚР Ұлттық банкі де растады.

«Банктер туралы жаңа заңға енгізілген заңнамалық түзетулер аясында (ҚР 2026 жылғы 16 қаңтардағы №259-VIII ҚРЗ «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы) халыққа бөлшек төлем қызметтерін көрсететін барлық банктерді Банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қосу көзделген. Аталған түзетулер 2026 жылғы 18 шілдеден бастап күшіне енеді», — делінген хабарламада.

ҚР Ұлттық банкі осыған байланысты банктер осы мерзімге дейін барлық техникалық жетілдірулер мен тестілеуді аяқтап, жүйеге қосылуды қамтамасыз етуі тиіс екенін мәлімдеді.

«Банкаралық QR-төлемдерді енгізудің мақсаты – әртүрлі банктердің клиенттерінен төлемдерді бірыңғай инфрақұрылым арқылы қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ету. Бұл сауда кәсіпорындарына көптеген жеке шешімдерге тәуелділікті азайтуға және әлеуетті сатып алушылар шеңберін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, нақты сауда нүктесіндегі терминалдардың саны бұрынғыдай кәсіпкердің өзі мен банктердің қызмет көрсету шарттарына байланысты айқындалады» — деп жазылған Ұлттық банк хабарламасында.

Ведомство технологиялық тұрғыдан алғанда, банкаралық QR әртүрлі банктердің клиенттерінен төлемдерді бірыңғай өзара іс-қимыл арнасы арқылы қабылдауға мүмкіндік беретінін және бұл болашақта бірнеше құрылғыны пайдалану қажеттілігін азайтатынын атап өтті.

Өзге де екінші деңгейлі банктердегі аударым мәселесі не болады?

Көргеніміздей, аударым тек бір ғана «Kaspi» емес, барлық банк қосымшаларына қатысты болуы мүмкін. Сол себепті «Елімізде расымен 19-шы шілдеден бастап бизнеске банк аударымдары арқылы төлем жасауға тыйым салына ма?» деген сауалды да анықтадық. Ол үшін ҚР Мемлекеттік кірістер комитетіне хабарласып көрдік.

«Жоқ, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. 2026 жылғы 19 шілдеден бастап банк аударымдары арқылы төлем қабылдауға тыйым салынбайды. Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 16 қаңтардағы №259-VIII ҚРЗ Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 13 мамырдағы қаулысына сәйкес, төлем карточкаларын және (немесе) жедел төлемдер жүйесін пайдалана отырып, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтілді», — деп жазылған комитет хабарламасында.

МКК тізімге қосымша төмендегі қызмет түрлері енгізілгенін хабарлады:

• пошта және курьерлік қызмет;

• шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметтері;

• мамандандырылған дизайнерлік қызмет;

• ғимараттарға қызмет көрсету және аумақтарды абаттандыру қызметі.

«Тізбенің кеңейтілуі аталған салалардағы кәсіпкерлік субъектілерінің санының өсуіне және олардың қызметтеріне халық сұранысының жоғары болуына байланысты. Аталған норма жалпыға ортақ телекоммуникация желісі жоқ жерлерде орналасқан стационарлық емес сауда объектілері арқылы жүзеге асырылатын қызметке қолданылмайтынын атап өткен жөн», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Түйін

Сонымен, әлеуметтік желіде тараған «19 шілдеден бастап бизнеске банк аударымдары арқылы төлем жасауға тыйым салынады» және «Kaspi аударымдары тоқтайды» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Kaspi банкі, Ұлттық банк және Мемлекеттік кірістер комитеті аударымдарға ешқандай тыйым салынбайтынын ресми түрде растады. 19 шілдеден бастап күшіне енетін өзгерістер тек кейбір кәсіпкерлер үшін қолма-қол ақшасыз төлем қабылдау тәсілдерін кеңейтуге қатысты. Атап айтқанда, бірқатар қызмет түрлерінің өкілдері банк карталарымен қатар QR-код және жедел төлем жүйесі арқылы да төлем қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті болады.

Сонымен бірге, банкаралық QR-төлемдерді енгізу әртүрлі банктердің клиенттеріне төлемдерді бірыңғай инфрақұрылым арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді және кәсіпкерлер үшін төлем қабылдау процесін жеңілдетуге бағытталған.

Осылайша, 19 шілдеден бастап банк аударымдарына немесе Kaspi қызметіне тыйым салынады деген ақпарат – фейк.

Оқу үшін