Қостанайдағы автотұрақ құрылысының бюджеті Рудный бюджетінен 13 есе көп – фейк

Фото: Автотұрақ макеті/Қостанай облысы әкімдігі
Отандық БАҚ беттерінде Қостанадайғы автотұрақ құрылысына кететін бюджет мөлшері Рудный қаласының бюджетінен 13 есе көп деген мақала жарияланды. Nofake.kz аталған мәселені зерттеп көрді.
БАҚ-та жарияланған мақалаға – «Қостанайда автотұрақ құрылысына Рудныйды дамытуға бөлінген қаржыдан 13 есе көп қаражат бөлінді» деген тақырып қойылған.

Көпшілікті қарапайым автотұрақ құрылысына расымен «Рудный қаласының бюджетінен 13 есе көп» қаражат бөліне ме деген сауал мазалаған.

Автотұрақ құрылысына расымен 368 млн теңге жұмсала ма?
Nofake.kz мәселенің мән-жайын білу үшін, Қостанай облысының әкімдігіне хабарласты. Әкімдік аталған мақалада көрсетілгендей автотұрақ құрылысына расымен бюджеттен 368 млн теңге қаражат қарастырылатынын растады. Мұндай қомақты қаржыны әкімдік автотұрақтың өңірдегі ең ірі – «Осьминог» окенариумы құрылысымен байланыстырды. Себебі, автотұрақ дәл осы окенариумға тиесілі болады. Мамандар океанариум құрылысына мақалада көрсетілген — 1,5 млрд теңгенің қате сома екенін атап өтті.

Әкімдік «Осьминог» окенариумының құжатын ұсынып, онда бюджеттен жобаға 11,2 млрд теңге қарастырылғанын жеткізді.

«Жоба 180 автотұрақ орнынан бөлек, аумағы 5 мың ш.м. болатын саябақ аймағын, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орындарды және электрлі әрі гибридті көліктерді қуаттауға арналған 20 орынды қамтитын заманауи автотұрақ аймағын құруды көздейді», — деп түсіндірді әкімдік мамандары.
Одан бөлек, аталған сомаға кіреберіс жолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтарын салу, аумақты абаттандыру және көгалдандыру, сыртқы жарықтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ қажетті инженерлік инфрақұрылымды құру көзделген.
«Атап айтқанда, жоба аясында трансформаторлық қосалқы станция орнату, қуаттау станциялары мен сыртқы жарықтандыруды қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 1 шақырымнан асатын электрмен жабдықтау кабельдік желілерін тарту көзделген», — деді мамандар.
Осылайша, облыс әкімдігі жобаның құны тек автотұрақ орындарын салу есебінен ғана емес, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарды қоса алғанда, аквапарк келушілерінің қауіпсіз әрі жайлы демалуын қамтамасыз ететін толыққанды инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды, сондай-ақ электр көлігіне арналған инфрақұрылымды дамыту есебінен қалыптасатынын түсіндірді.
Автотұрақ құрылысына жұмсалатын 368 млн теңге Рудный бюджетінен 13 есе көп пе?
Сонымен, автотұраққа расымен бюджеттен 368 млн теңге бөлінетініне көз жеткіздік. Енді бұл сома тұтас «Рудный қаласының бюджетінен 13 есе көп қаражат па?» деген мәселені зерттеп көрдік.
Қостанай облысы Рудный қаласы мәслихатының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 188 шешіміне сәйкес, Рудный қаласының 2025-2027 жылдарға арналған қалалық бюджеті — 51 502 162 теңгені құрайды.

Демек, мақалада көрсетілген автотұрақ құрылысына кететін 368 млн теңге тұтас «Рудный» бюджетінен 13 есе көп деген ақпарат – жалған.
«Мақаладағы автотұраққа кететін қаражат тұтас «Рудный» қаласының дамуына кететін бюджеттен 13 есе көп деген түсінік – қате. БАҚ өкілі тек бір реттік траншпен салыстыруы мүмкін. Алайда, тұтас қаланың бюджеті ондай аз сома болмайтыны анық», — деп түсіндірді әкімдік мамандары.
Түйін
Сонымен, Қостанайдағы автотұрақ құрылысына 368 млн теңге бөлінетіні рас. Алайда бұл қаражат қарапайым автотұрақ орындарын салуға ғана емес, сонымен бірге инженерлік желілерді тартуға, жолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтарын салуға, аумақты абаттандыруға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасауға және электр көліктеріне арналған инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, «автотұрақ құрылысына бөлінген қаржы Рудный қаласының бюджетінен 13 есе көп» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Рудный қаласының 2025 жылға арналған бюджеті 51,5 млрд теңгені құрайды, сондықтан 368 млн теңгені тұтас қаланың бюджетінен бірнеше есе көп деп көрсету – деректерді қате салыстырудың нәтижесі.
Осылайша, БАҚ-та тараған «Қостанайдағы автотұраққа Рудный қаласының бүкіл бюджетінен 13 есе көп қаржы бөлінді» деген ақпарат – фейк.


