NoFake

Әлем чемпионатындағы Гитлердің фотосы — фейк

Скрин: Әлеуметтік желідегі жазбадан

Футболдан Әлем чемпионаты кезінде мінбеде Адольф Гитлердің костюмін киіп отырған неміс фанаты бейнеленген фотосурет — фейк деп хабарлайды NoFake.kz  AFP агенттігіне сілтеме жасай отырып.

АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының алғашқы күндерінен бастап-ақ желіде түрлі елдің ерекше киінген жанкүйерлерінің суреттері қаптап кетті. Алайда, солардың ішінде «Гитлер Германияның ең адал жанкүйерлерінің бірі болған», деген сипаттамамен Х  әлеуметтік желісінде жарияланған сурет көпшіліктің талқысын тудырды. Фотода Германия құрамасының жейдесін киген жанкүйерлердің арасында Адольф Гитлерге тән шаш үлгісі мен танымал шаршы мұрты бар ер адам бейнеленген.

Бұл фейк сурет Facebook, Instagram, Threads және Reddit платформаларында албан, португал, тай, қытай, испан және парсы сияқты бірнеше тілдерде жылдам тарап кеткен.

Түпнұсқада не бейнеленген?

AFP фактчекерлері зерттей келе, бұл кадрдың 14 маусымда Хьюстонда өткен Германия мен Кюрасао құрамалары арасындағы топтық кезеңдегі матчқа тиесілі екенін анықтады. Бұл ойында немістер әлем чемпионатына алғаш рет жолдама алған Кюрасао командасын 7:1 есебімен ойсырата жеңген болатын.

АҚШ-тағы турнирдің ресми хабар таратушысы – FOX Sports арнасының YouTube желісіндегі ресми видеожазбасын тексеру барысында суреттің фотошоппен өңделгені белгілі болды. Түпнұсқа видеода Гитлерге ұқсатылған адамның орнында мүлдем басқа, аққұба шашты және сақалы бар қарапайым жанкүйер отыр. Ол қолына Германия туын ұстап, футболшы Кай Хаверцтің үзіліс алдында соққан пенальтиіне қуанып жатқан сәті түсіп қалған, — деп жазды басылым.

Скрин: AFP жазбасынан

Сатиралық әзіл ме, әлде арандатушылық па?

Басылымның мәліметінше, бұл өзгертілген суретті алғашқылардың бірі болып жариялаған бірнеше аккаунттар негізінен мемдер мен әзіл-оспақ бағытындағы парақшалар. Яғни, олар бұл фейк фотоны сатиралық әзіл ретінде таратқан болуы мүмкін.

Дегенмен, редакция Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ұлтшылдыққа қатысты қауіп-қатер мен тарихи жарақат неміс жанкүйерлерінің халықаралық турнирлерде ұлттық мақтанышын тым ашық көрсетуіне әлі күнге дейін белгілі бір деңгейде кедергі болып келетінін атап өтті. Сондықтан мұндай мазмұндағы «әзілдер» қоғамда өте өткір қабылдануы мүмкін.

Оқу үшін