NoFake

Тұзаққа түсіп қалмаңыз: «Мемлекеттік грант алып беретін» алаяқтар жүр

Коллаж: Nofake.kz

Полицейлер мемлекеттік грант ресімдеу кезіндегі алаяқтық әрекетке баруы мүмкін деген күдікпен 29 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Еліміздің ІІМ мәліметінше, күдікті өзін консалтингтік компанияның қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды мемлекеттік грант алу процесін тездетіп бере алатынына сендірген.

Тергеу материалдарына сәйкес, ер адам жәбірленушінің сеніміне кіріп, мемлекеттік қолдауды қысқа мерзімде ресімдеп беруге уәде берген.

«Күдікті грантты келісу, құжаттарды дайындау және түрлі ұйымдастырушылық шығындарға деп жәбірленушіден бірнеше рет ақша алған. Алайда уәде етілген грант сол күйі берілмеген, ал алынған қаражат анықталғандай, жеке қажеттіліктерге жұмсалған. Алаяқтық әрекеттердің салдарынан жәбірленушіге 4 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілді», — деп хабарлады ҚР ІІМ.

Қазір бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, полицейлер күдіктінің осыған ұқсас басқа да алаяқтық деректеріне қатысы бар-жоғын тексереді.

Полиция мемлекеттік гранттар, жеңілдікті несиелер, тұрғын үй бағдарламалары мен әлеуметтік төлемдер тек ресми тәртіппен ғана берілетінін ескертеді. Оларды алу үшін делдалдарға немесе үшінші тұлғаларға ақша берудің қажеті жоқ.

Оқу үшін