NoFake

Туристік компанияны таңдағанда неге мән беру керек: полиция ескертеді

Фото: pixabay.com

Демалыс маусымының басталуына байланысты Ақмола облысының полицейлері туристік сапарларды ұйымдастыруға қатысты алаяқтық фактілері туралы ескертеді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Құқық қорғау органдары азаматтарды туроператорлар мен туристік агенттіктерді таңдауда мұқият болуға шақырады. Тәртіп сақшылары демалысты тек беделді, ресми түрде тіркелген сенімді компанияларға ғана тапсыруға кеңес береді.

«Осындай оқиғалардың бірі Көкшетау қаласында тіркелді. Іс бойынша 13 азамат жәбірленуші деп танылып, келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы шамамен 14 миллион теңгені құрады», — делінген хабарламада.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылы Көкшетау қаласының 41 жастағы тұрғыны туристік фирма ұйымдастырып, клиенттерден шетелдің танымал елдеріне демалыс ұйымдастыру үшін төлем қабылдаған.

«Алайда ақша алғаннан кейін ол әуе билеттері мен туристік жолдамаларды рәсімдемеген, соның салдарынан жоспарланған сапарлар жүзеге аспай қалған. Сонымен қатар клиенттердің қаражаты қайтарылмаған. Кейіннен алданып қалған азаматтар полицияға арызданды», — делінген полиция хабарламасында.

Осыған сәйкес, полицейлер азаматтарға:

  • туристік қызметтерді сатып алмас бұрын компания туралы мәліметтерді мұқият тексеруге; 
  • міндетті түрде ресми шарт жасасуға; 
  • төлемді растайтын құжаттарды сақтауға; 
  • жолдамалардың күмәнді түрде төмен бағамен ұсынылуына сақтықпен қарауға кеңес береді. 

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында жалған вакцинация бойынша заң бұзушылықтар анықталған еді.

Оқу үшін