NoFake

Онлайн сату, сатып алу сайттарындағы тұзақ

Коллаж: ЖИ

Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы өзінің ескі ұялы телефонын сатпақшы болып, алаяқтық үшбұрыш схемасына тап болды, деп хабарлайды NoFake.kz.

Алматы тұрғыны OLX сайтына ұялы телефонын сатылымға шығарған. Оған бір қыз хабарласып, тауар туралы ақпарат сұрап, кездесуге уақыт белгілейді. Алайда келесі күні «сатып алушы» жұмыстан шыға алмайтындықтан, өзінің орнына достарын жіберетінін айтқан.

Скрин Threads-тегі жазбадан

Редакциямыз оқиғаның мән-жайын кейіпкердің өз аузынан жазып алды.

«Жарнама бойынша хабарласқан қыз: менен келген адамдармен телефонның бағасын талқыламашы. Олар қарызға ақша сұрап жүр, ал мен телефонды соңғы ақшама сатып алып жатырмын», — деді. Мен бұған аса мән бермедім», – дейді ол.

Кездесуге екі жігіт келіп, телефонды тексереді. Бәрі сәтті өткен соң, Аля әлгі қызға ақшаны аудара беруге болатынын жазады. Міне, осы сәттен бастап күдікті әрекет басталған.

«Ол шамамен 30 минут уақыт созды: «аударым өтпей жатыр», «Kaspi-де ақау болып тұр», «қазір, қазір» деді. Мен жігіттерге күте алмайтынымды айтып, бұрылып кете бергенімде, олар маған төлем жасалғанын көрсетіп, телефонды беруді сұрады. Сөйтсек, олар ақшаны «әпкеме» аударыпты. Мен: «Менің әпкем жоқ қой», – дедім. Үшеуміз де аң-таң болып тұрып қалдық»,– дейді Аля.

Осылайша, алаяқтар дәл осы телефонның хабарландыруын көшіріп, басқа бағамен қайта жариялап, екі жақты да алдап соққан.

Сатушыға: «Достарым барады» деп ескерткен. Ал  сатып алушыларға «Телефонды әпкем көрсетеді» деп өтірік айтқан.

Сөйтіп, телефонды сатып алуға келген жігіттер ақшаны алаяқтың шотына аударып жіберген. Кейін қаскөй хабарламаларды өшіріп, екі тарапты да бұғаттап, ізін суытқан.

«Ең қорқыныштысы – соңғы сәтке дейін ешқайсымыз не болып жатқанын мүлдем түсінбедік», — дейді Аля.

Жазба астына пікір жазғандар арасында да дәл осы әдіспен алданған, аладана жаздаған адамдар пікір қалдырып, өз оқиғаларымен бөліскен.

Скрин Threads-тегі жазба астындағы пікірлерден

«Сатылатын зат өзгерсе де, алгоритм өзгермейді»

Айта кету керек, мұндай алаяқтық жасау әдісі тек ұялы телефондарға қатысты емес. Бұған дейін дәл осы әдіс Kolesa.kz платформасында көлік сату кезінде де қолданылғаны жайлы жазған болатынбыз. Адамдарды осылай алдап, табыс табу жолының атауы да бар. Мамандар мұны «қара үшбұрыш» схемасы деп те атайды. Алаяқтар кез келген тауар немесе қызмет көрсету саласында осы алгоритмді пайдалана береді.

Бұл алаяқтық схемасын тәртіп сақшылары да біліп отыр.

«Әлеуметтік желілерде және OLX, Крыша.kz, Колёса.kz сияқты хабарландыру сайттарында алаяқтардың азаматтарымыздың хабарландыруларын көшіріп алып, дәл соны төмен бағамен шығаратын фактілері кездеседі. Осыдан кейін азаматтар олармен байланысқа шығады, яғни бағаларды салыстырып, бұл тауардың арзанырақ екенін көреді. Содан соң осы алаяқпен байланысып, хат жазысады, ал ол тауарды сатуға дайын екенін айтып, алдын ала төлем жасауды талап етеді. Одан кейін ақша аудару қажет банктік шотты жібереді. Біздің азаматтар әркез ақшаны уақытынан бұрын аудара салады, содан соң алаяқпен байланыс үзіледі», — дейді Астана қаласы ПД Есіл ауданы полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімше бастығы полиция майоры Бағдаулет Оспанбаев.

Мамандар хабарландыру арқылы зат сатқанда немесе сатып алғанда, үшінші тұлғалар арқылы жасалатын мәмілелерден сақ болу керектігін ескертеді. Тауардың бағасын келген адаммен тікелей нақтылап, қаражаттың дәл сіздің шотыңызға түскеніне көз жеткізбейінше, затты немесе қызметті көрсетпеген абзал.

Оқу үшін