Telegram-дағы жаңа алаяқтық: аккаунт жойылады деп код сұрайды

Фото: depositphotos
Алаяқтар Telegram қолданушыларын алдаудың жаңа тәсілін қолдана бастады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Олар мессенджердің ресми қолдау қызметі атынан хабарлама жіберіп, аккаунттың жойылатынын айтып қорқытады. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы ескертті.
Алаяқтар жіберетін хабарламада пайдаланушының аккаунтын жою туралы сұрау түскені айтылады. Оны тоқтату үшін арнайы батырманы басып, әрекетті 24 сағат ішінде растау қажет екені көрсетіледі. Әйтпесе аккаунт, хат алмасулар, файлдар мен контактілер біржола жойылатыны туралы ескерту жасалады.
Мамандардың айтуынша, бұл — адамның қорқынышы мен асығыстығын пайдалануға құрылған психологиялық манипуляция.
«Алаяқтар пайдаланушының аккаунтқа қолжетімділікті жоғалтып алу қорқынышын пайдаланып, оны асығыс әрекет жасауға итермелейді», – деп ескертеді Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы.
Сілтемені немесе батырманы басқан қолданушы Telegram-ботқа не жалған сайтқа өтеді. Онда SMS немесе Telegram арқылы келген растау кодын енгізу сұралады. Алайда бұл кодты енгізу арқылы адам өз аккаунтына қолжетімділікті алаяқтардың қолына өз еркімен береді.
Аккаунтты бақылауға алғаннан кейін қаскөйлер хат-хабарларды оқи алады, жеке мәліметтерге қол жеткізеді, пайдаланушының атынан хабарлама таратады, таныстарынан ақша сұрауы немесе аккаунтты басқа алаяқтық әрекеттер үшін пайдалануы мүмкін.
Алаяқтық хабарламаны қалай тануға болады?
Мамандар мынадай белгілерге назар аударуға кеңес береді:
- жіберуші өзін қолдау қызметінің өкілі ретінде таныстырады, бірақ ресми белгісі жоқ;
- шұғыл түрде сілтеме арқылы өтуді немесе ботты пайдалануды талап етеді;
- SMS немесе Telegram арқылы келген растау кодын сұрайды;
- аккаунттан айырылып қалу қаупін алға тартып, асықтырады;
- жіберушінің аккаунты жақында ашылған немесе атауы күмәнді көрінеді;
- мәтінде грамматикалық қателер мен күмәнді сілтемелер кездеседі.
«Telegram-ның ресми қолдау қызметі ешқашан пайдаланушылардан үшінші тарап боттары немесе күмәнді сілтемелер арқылы растау кодтарын, құпиясөздерді немесе аккаунтқа кіруге қажетті өзге де деректерді сұрамайды», – деп атап өтті мамандар.
Аккаунтты қалай қорғауға болады?
Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы келесі қауіпсіздік шараларын ұстануға кеңес береді:
- растау кодтары мен құпиясөздерді ешкімге бермеңіз;
- күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;
- Telegram деректерін бөгде сайттар мен боттарға енгізбеңіз;
- екі кезеңді аутентификацияны қосыңыз;
- «Құрылғылар» бөліміндегі белсенді сеанстарды тұрақты тексеріп отырыңыз;
- белгісіз құрылғыларды бірден өшіріңіз;
- ақпаратты тек ресми Telegram арналары арқылы тексеріңіз.
Мамандардың сөзінше, алаяқтардың басты қаруы – қорқыныш пен асығыстық. Сондықтан кез келген күмәнді хабарлама келген жағдайда сабыр сақтап, ақпараттың рас-өтірігін тексеріп алған жөн. Бұл жеке деректер мен аккаунтты жоғалтып алмауға көмектеседі.


