NoFake

Балқаш көлінің бетінде тұрған көлік видеосы ЖИ көмегімен жасалған

Скрин видеодан

Әлеуметтік желілерде тараған Балқаш көлінің бетінде тұрған көлік бейнеленген видеоға қатысты полиция түсініктеме берді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында көл бетінде тұрған автокөлік түсірілген видео анықталған. Осыған байланысты тексеру жүргізілді.

Тексеру нәтижесінде видеоға қатысы бар 23 жастағы Қарағанды облысының тумасы анықталған. Қазіргі уақытта ол Астана қаласында тұрады.

Ер адам полицияға былтырғы қазан айынан бері Қарағанды облысының аумағында болмағанын айтып, аталған видеоны жасанды интеллект технологияларының көмегімен өзі жасағанын және әлеуметтік желіде жариялағанын түсіндірген.

«Аталған бейнематериалды жасанды интеллект технологияларын пайдаланып әзірлеп, әлеуметтік желілерде жариялағанын мәлімдеді», – деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция азаматпен профилактикалық әңгіме жүргізіп, оған қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және қоғамды жаңылыстыруы мүмкін жалған ақпарат таратудың жол берілмейтіні түсіндірілгенін атап өтті.

Оқу үшін