«Құран тілін үйретеміз»: Жат ағымның жасырын тәсілдері қандай

Коллаж: NoFake.kz
«Құран тілі», «Араб тілі», «Сауат ашу курсы» деген атаумен ашылатын орталықтардың бәрі бірдей қауіпсіз бе? Кейбір топтар тіл үйретуді желеу етіп, радикалды діни идеологияны насихаттайтыны рас па? NoFake.kz осы сұрақтарды дінтанушы мамандарға қойып көрді.
Мұндай топтар көбіне ресми тіркелмейді, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен байланысы болмайды және жабық форматта жұмыс істейді. Олар бастапқыда қарапайым араб тілі курсы ретінде көрініп, кейін аят-хадистерді өз көзқарасына қарай бұрмалап түсіндіруге көшеді. Кей жағдайда спорттық үйірме, психологиялық клуб немесе «тәрбие сабағы» ретінде де әрекет етуі мүмкін.
Дінтанушылардың айтуынша, қазіргі таңда интернет арқылы жұмыс істейтін жасырын топтар көбейген. Олардың арасында шетелде жүрген азаматтар да бар. Мұндай онлайн дәрістер көбіне жабық чаттарда өтеді және жастарды біртіндеп радикалды көзқарасқа бейімдейді.
Сарапшылар ата-аналарды балаларын кез келген медресе мен діни курсқа бере салмауға шақырады. Өйткені кей жағдайда «араб тілін үйретеміз» деген желеумен заңсыз діни сабақтар өткізіліп жатады. Қазақстандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға сәйкес, діни әдебиеттер мен діни ақпарат арнайы рұқсат етілген орындарда ғана таратылуы тиіс. Яғни діни білім беру ресми тіркелген мешіттерде, медресе-колледждерде және лицензиясы бар ұйымдарда жүргізіледі. Ал жеке пәтерлерде немесе рұқсатсыз онлайн платформаларда діни сабақ өткізу заңсыз саналады.
Сарапшылар араб тілін үйренгісі келетін азаматтарға курс таңдағанда міндетті түрде орталықтың заңдылығын, оқытушының білімін, лицензиясын және діни бағытын тексеруге кеңес береді. Себебі кей жағдайда жалған құжат жасап, адамдарды жасырын діни топтарға тарту фактілері кездеседі.


