NoFake

Вакцина бедеулік пен аутизм тудыра ма — АҚШ ғалымымен эксклюзив сұхбат

Коллаж: NoFake.kz

Қазір қоғамда вакцинация төңірегінде түрлі миф пен қорқыныш көп. NoFake.kz осы тақырыптағы кең тараған сұрақтарды америкалық эпидемиолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор және қоғамдық денсаулық сақтау саласының сарапшысы Михаил Фаворовқа қойды.

Михаил мырза, вакцина баланың иммунитетіне ауыр тиеді,  сондықтан екпені кеш салдырған қауіпсіз деген пікір қаншалықты рас?

— Бұл мүлдем олай емес. Тіпті, мүлдем қате түсінік деуге болады. Қазіргі заманауи әлемде біз, адамзат ретінде, қоршаған ортадағы инфекциялармен байланысты өте қатты азайттық. Біздің иммунитетіміз «тітіркендіргіштерді» аз көреді. Бала вакцина алған кезде, оның иммунитеті ерекше дайындықтан, яғни тренингтен өтеді. Бұл бұлшықетті дамыту үшін ауырлық көтеру немесе жаттығу жасаумен бірдей. Иммунитет те дәл солай дамиды. Вакцинаның бала ағзасына ешқандай қаупі жоқтығы ондаған мың бала қатысатын үлкен зерттеулерде (сынақтың 3-ші кезеңі) дәлелденеді. Екпе алған балалар, керісінше, басқа аурулармен де аз ауырады, өйткені олардың иммунитеті бөтен антигендерге реакция беріп үйренеді. Сондықтан «кешірек салдырған дұрыс» деген сөз түбірімен қате. Бәрін екпе күнтізбесінде жазылған уақытында жасау керек.

Вакциналардың құрамында ағзаны улайтын сынап пен алюминийдің қауіпті мөлшері бар ма?

— Бұл — вакцина туралы кең тараған мифтердің бірі. Бірақ оның шығу тарихы бар. XIX ғасырдың соңында алғашқы вакциналар пайда болған кезде олардың стерильділігін сақтау үшін құрамында сынап бар заттар қолданылған. Ол кезде басқа технология болмады. Алайда қазіргі вакциналарда сынап қолданылмайды. Соған қарамастан, жүз жылдан астам уақыт өтсе де, бұл қорқыныш әлі күнге дейін сақталып келеді. Ал алюминийге келсек, ол вакцинаның әсерін күшейту үшін қажет. Мұндай заттарды медицинада «адъювант» деп атайды. Ол иммундық жасушаларды вакцина салынған жерге жинап, ағзаның қорғаныс реакциясын күшейтеді. Алюминийдің қауіпсіздігі көптеген зерттеулер арқылы дәлелденген, оның зияны анықталмаған. Кез келген дәрінің құрамында белгілі бір химиялық қосылыстар болады. Мысалы, аспириннің құрамында да қышқыл бар. Сондықтан алюминийдің өзі қауіпті деген пікір ғылыми дәлелге сүйенбейді. Бұл — биологиялық тұрғыдан толық зерттелген әрі қауіпсіз компоненттер.

Тұмауға немесе ковидке қарсы екпе алғаннан кейін адамның өзі айналасындағыларға жұқтырушы  болып қалады деген рас па?

— Әрине, жоқ! Негізі, адамға жұғып, ауру тудырмай, тек иммунитет қалыптастырып тарайтын вакцина ойлап тапсақ, керемет болар еді, бірақ әлі күнге дейін олай істей алмаймыз. Тұмау мен COVID-ке қарсы вакциналардың құрамында тірі вирус жоқ. Онда тек тірі вирусқа ұқсас ақуыздар жиынтығы ғана болады. Ағза оған дәл тірі вирусқа қарсы тұрғандай антидеректер (антиденелер) түзеді. Тіпті ВПЧ (адам папилломасы вирусы) вакцинасын алсақ, ол гендік инженериямен алынған ақуыз, вирус бөлшегіне еш қатысы жоқ. Вакцинадан ешкім айналасына ауру жұқтырмайды.

Вакцина алған адам бәрібір ауырса, екпенің пайдасы жоқ па?

—Мен бұл сұраққа қатаң жауап бергім келеді: сіз балаңыздың өмірін қатерге тіккіңіз келе ме? Иә, екпе алған адам да ауыруы мүмкін, бірақ ол жеңіл өткізеді. Ал екпе алмаған адамның өліп кету қаупі бар. Вакцинадан ешкім өлмейді. Оның ең үлкен асқынуы — салынған жердің қызаруы немесе қышуы болуы мүмкін. Ал аурудың өзінен өлім деңгейі жоғары. Тәуекелге бас тігудің қажеті қанша? Ауруханаларға барып, қызылшадан балалардың қалай қиналып жатқанын көріңіздер, сонда сұрақ туындамайды.

Иммунитет үшін балалардың «қызылша», «желшешекен» табиғи ауырғаны жақсы ма?

—Бұл өте қауіпті логика. Табиғи жолмен ауырғаннан кейінгі иммунитет вакцинадан кейінгі иммунитетпен бірдей болады, бірақ айырмашылығы — табиғи ауру кезінде бала мүгедек болып қалуы немесе қайтыс болуы мүмкін. Неліктен балаға мұндай қауіп төндіруіміз керек? Вакцина дәл осы қауіпті жою үшін жасалған.

Кеңестік вакциналар қазіргі импорттық екпелерден қауіпсіз болғаны рас па?

—Жоқ, бұлай айтуға болмайды. Бұл баяғы «бұрын бәрі жақсы еді, өйткені біз жас едік» деген әзілге ұқсайды. Ескі уақытта технологиялар, тазарту әдістері, иммундық жауапты күшейту тәсілдері нашар дамыған еді. Қазіргі заманауи вакциналар әлдеқайда қауіпсіз және тиімдірек. Ең бастысы – вакцинаның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) сертификаты болуы керек. Егер ол болса, қай елде шықса да, қауіпсіздігі мен тиімділігі бірдей. Қазіргі қауіпсіздік тексерісінен баяғы кеңестік вакциналар өтпей де қалар еді.

Вакциналар аутизм, бедеулік немесе қатерлі ісік тудыра ма?

 — Бұл таза пропаганда және халықты үрейлендіру (невротизация). Аутизм мәселесіне келсек: бұл бойынша ондаған үлкен зерттеулер жүргізілді және вакцина мен аутизм арасында ешқандай байланыс жоқтығы дәлелденді. Қазір АҚШ үкіметі халық арасындағы осы қорқынышты сейілту үшін қайтадан үлкен қаржы бөліп, бәрі таза екеніне көз жеткізу үшін тағы да зерттеу жасатып жатыр.

Ал бедеулік пен қатерлі ісік туралы әңгімелер саяси мақсатта немесе әлеуметтік желіде лайк жинау үшін ойлап табылған өтіріктер. Мәселен, ковид кезінде «ақ нәсілділер африкалықтардың санын азайту үшін осы вакцинаны ойлап тапты» деген қауесет тарады. Бұл бос сөз. Керісінше, ковидпен ауырған ер адамдардың белсіздікке (потенция) ұшырау қаупі жоғары екені дәлелденді. Егер күмәніңіз болса, әлеуметтік желідегі өсектерге емес, беделді университеттер мен CDC (Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы) сияқты ресми ғылыми дереккөздерге сеніңіздер.

Фармкомпаниялар пайда үшін жаңа вирустар ойлап табады деген рас па?

— Мүлдем қате түсінік, бәрі керісінше. Бұрын АҚШ-та вакцина шығаратын 275 кәсіпорын болса, қазір тек 5-еуі ғана қалды. Өйткені вакцина өндірісі өте тиімсіз, шығыны көп және қауіпті бизнес. Вакциналар арзан болуы керек, ал жаңа вакциналарды жасау миллиардтаған қаржыны талап етеді. 2017 жылы қарапайым БЦЖ вакцинасының тапшылығы болды, өйткені өндірушілер коммерциялық тиімсіз болған соң оны шығарудан бас тартты. Үкіметтер мен ДДСҰ зауыттарды бұл бизнесті тастамауға көндіріп, ынталандырып отыр. Фармацевтика үшін вакцина – пайда көзі емес, әлеуметтік жүктеме.

Дұрыс тамақ пен мықты иммунитет адамды екпесіз-ақ қорғай ма?

— Жоқ, толық қорғай алмайды. Ең қызығы не білесіз бе? Салауатты өмір салтын ұстанатын, спортпен шұғылданып, жақсы тамақ ішетін, өз өмірін жоғары бағалайтын бай адамдардың бәрі вакцина алған. Олар тәуекелге барғысы келмейді. Салауатты өмір салты инфекциядан құтқармайды. Әсіресе ересектер мен қарт кісілерге екпе өте қажет. Мысалы, қарт адамдарға пневмококкқа қарсы вакцина салса, олардың тұмаудан қайтыс болу көрсеткіші үштен бірге азаяды, ал жалпы аурушаңдық 50%-ға төмендейді. Бұл Швейцарияда дәлелденген. Ал белдеулі теміреткі (герпес Зостера) вакцинасын алған қарттардың егде жаста ақыл-ойы жақсырақ сақталады. Сондықтан, ата-әжелеріңіз ұзақ, әрі сау өмір сүрсін десеңіздер, оларды да уақытылы вакцинациялау қажет. Вакцина — өмірді ұзартудың ең тиімді құралы.

Сұхбатыңызға рахмет!

Оқу үшін