Көлік министрлігі Алматы маңында болған әуе апатына қатысты ресми түсінік берді

Скрин видео
Алматы облысында Ан-2 ұшағы ағаштардың арасына апатты қону жасады. Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желіде тарады. Видеода әуе кемесінің қону алаңынан тыс жерге тоқтағаны көрінеді.
Көлік министрлігі UP-A0091 тіркеу нөмірлі Ан-2 әуе кемесімен болған жағдайды растады. Ведомство мәліметінше, оқиға адам шығыны жоқ авиациялық оқиға — апат ретінде жіктелген.
«Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №505 бұйрығымен бекітілген Авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру және деректер ұсыну қағидаларына сәйкес, аталған оқиға авиациялық оқиға ретінде тіркеліп, тергеуге жатады», – деп хабарлады министрлік.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтау үшін Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті қызметкері оқиға орнына жіберілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, апат салдарынан адам шығыны тіркелмеген. Тергеу жалғасып жатыр.


