«Anti-fraud» операциясы аясында қанша адам анықталды: ІІМ дерегі

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР IIM Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жандос Сүйінбай «Anti-fraud» операциясы аясында қанша адамның киберқылмысқа қатысы бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомство өкілінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 ақпан мен 30 сәуір аралығында республика аумағында «Anti-froud» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен. Нәтижесінде 827 киберқылмыс анықталып, оның 585 қылмыстық ісі бойынша тергеу аяқталған.
«Киберқылмыстарды жасауға қатысы бар барлығы 909 адам анықталды, оның 12-сі шетел азаматы. Олардың 88-і қамауға алынды, 600 астам адамға ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қабылданды. Киберқылмысты жасағаны үшін іздеудегі 5 қылмыскер ұсталды», — деді спикер брифинг барысында.
Сонымен бірге, ол ҚР ІІМ алаяқтарды анықтау мақсатында шетелдік әріптестермен белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осылайша, биыл 31 наурызда ІІМ Украинаның полициясымен бірлесіп, кең көлемді арнайы операция жүргізген. Оның барысында қазақстандықтарды алдап келген Днепр қаласында орналасқан 3 алаяқтық Колл-орталықтың қызметі тоқтатылған. Сөйтіп, арнайы операция нәтижесінде 53 шетел азаматы ұсталып, оның ішінде 8-і қамауға алынған.
«Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша 160-тан аса қазақстандық жәбірленуші анықталды, оларға келтірілген шығын Украина сот шешімімен қайтарылады. Алдағы уақытта бірқатар шет мемлекеттермен осындай бірлескен арнайы операциялар өткізу жоспарланып отыр», – деді департамент басшысы.
Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР IIM Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жандос Сүйінбай арнайы брифинг өткізіп, аталған бағыттағы соңғы жұмыс нәтижелерімен бөліскен еді.


