Елімізде интернет-алаяқтық азайды ма: ІІМ дерегі

Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Сүйінбай Жандос қиберқылмысқа қарсы күрестің соңғы 4 айдағы қорытындысымен бөлісті, деп хабарлайды Nofake.kz.
Департамент басшысының мәліметінше, киберқылмысқа қарсы күрес бойынша ұйымдастыру-практикалық және алдын алу шараларының нәтижесінде биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша оң динамика қалыптасқан.
«Интернет-алаяқтықтың тіркелуі 2,5%-ға азайды. Ал оны ашу деңгейі 32,2%-дан 40%-ға өсті, яғни өсуі 7,8%-ды құрайды. Ашылмаған қылмыстық істер саны 16,6%-ға кеміді. Бұл ретте келтірілген залалдың жалпы сомасы 20 млрд теңгені құрады, ал қайтарылған қаражат 4 млрд теңгеге жуық болды», — деді спикер баспасөз конференциясында.
Сонымен бірге, ол ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған ведомстволық бағдарламаны іске асырып жатқанын мәлімдеді.
«Бүгінде жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізудің жаңа форматы енгізілді. Яғни, бұрынғы 3 күнде өтетін іс-шара, енді 3 ай көлемінде жүргізіледі. Оның негізі себебі, киберқылмыстың трансұлттық сипатта болатыны, шекара талғамайтыны және халықаралық ынтымақтастықты күшейтумен байланысты», – деді ол.
Айта кетейік, бүгін ОКҚ алаңында ҚР IIM Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жандос Сүйінбай тілшілерге арнап брифинг берді.


