NoFake

Вице-Президентті кім және қалай тағайындайды: министр түсіндірді

Фото: gov.kz

Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өкілеттіктері бекітіледі. Бұл туралы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Nofake.kz.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың хабаралуынша, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заң жобасы 8 тарау мен 43 бапты қамтиды.

«1-ші тарауда Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі айқындалады, оның ішінде қызметке кірісу тәртібі, өкілеттік мерзімі және Президент лауазымын атқаруға байланысты шектеулер қарастырылады», — деді ол.

Оның сөзінше, Президентті сайлау тәртібіне, ант беру мерзімдеріне, сондай-ақ өкілеттік мерзімдеріне қатысты нормалар кезектен тыс сайлау институтынан бас тартуды ескере отырып, нақтыланды.

«Осы орайда 2022 жылы енгізілген суперпрезиденттік басқару нысанынан бас тартуға бағытталған тұжырымдамалық қағидаттар өзгеріссіз сақталғанын бөлек атап өткім келеді. Бұл — Президенттің бірреттік жеті жылдық өкілеттік мерзімі, оның жақын туыстарына қатысты шектеулер және Президенттің саяси партиядан тыс болуы туралы нормалар», — деді ол.

Президент өкілеттігі қандай?

Ал, 2-ші тарауда Конституцияға сәйкес Президенттің өкілеттіктері белгіленген.

«Оның ішінде сыртқы және ішкі саясаттың негізгі бағыттарын айқындауға қатысты құзыреттер, Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, сондай-ақ кадрлық мәселелер мен норма шығару функциялары айқындалады», — деді ол.

Министр бұл ретте, алғаш рет жеке бапта Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өкілеттіктері бекітілетінін атап өтті.

«Олардың қатарында Кеңестің құрамын бекіту және ұйымдастырушылық инфрақұрылымды қалыптастыру мәселелері көзделген. Бұл жоғары консультативтік органның мемлекеттік басқарудың жалпы жүйесіне үйлесімді қосылуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты Президенттің өкілеттіктерін реттейтін жеке норма енгізіледі», — деді ол.

Ерлан Сәрсембаев Президент Конституцияға сәйкес омбудсменді тағайындайтынын және оның жыл сайынғы баяндамасын тыңдайтынын жеткізді.

«Бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың институционалдық кепілдіктерін күшейтеді», — деді ол.

Заң жобасының негізгі новелласы — конституциялық деңгейде енгізілген жаңа институт — Қазақстан Республикасының Вице-Президентін іске асыру болды. Министрдің сөзінше, ол мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын арттыруға және жоғары билік органдарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Вице-Президентті тағайындау тәртібі: кім, қалай іске асырады?

«3-ші тарауда Вице-Президентті тағайындау тәртібі белгіленеді. Ол — Құрылтайдың келісімімен Президентпен тағайындалатын болады. Бұл ретте кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары нақты айқындалған. Сонымен бірге оның өкілеттігін тоқтату негіздері, жоғары лауазымды тұлға мәртебесіне ұқсас шектеулер қарастырылады», — деп түсіндірді ол.

Ведомство басшысының айтуынша, вице-Президенттің негізгі функциясы — Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік ету.

«Сонымен қатар Вице-Президенттің өкілеттіктерін егжей-тегжейлі реттеу Президенттің актілері негізінде жүзеге асырылатын болады. Бұл құқықтық реттеудің икемділігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік басқарудың практикалық міндеттеріне бейімделуге мүмкіндік береді», — деді ол.

Сондай-ақ, Вице-Президенттің қызметін Мемлекет басшысының Әкімшілігі қамтамасыз ететіні белгілі болды.

Айта кетейік, бұған дейін бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Орталық сайлау комиссиясы өкілдері «елімізде электронды сайлау жүйесі енгізілуі мүмкін бе?» деген сауалға жауап берген еді.

Оқу үшін