NoFake

2 км/сағ үшін айыппұл: ІІМ тараған ақпаратты жоққа шығарды

Скриншот видео

Ішкі істер министрлігі жалған ақпарат таратқан адам жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жылдамдықты тіркеу шегі төмендетіліп, енді 2 км/сағ асырғаны үшін де айыппұл салынады деген мазмұндағы видео таралып жатыр. Полиция аталған ақпаратты жоққа шығарып, әкімшілік полиция комитетінде жауапкершілікке тарту тәртібі өзгермегенін мәлімдеді.

«Бұрынғыдай әкімшілік жауапкершілік жылдамдықты 10 км/сағ және одан да көп асырған жағдайда туындайды», — деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Оның айтуынша, 8 мамырдан бастап күшіне енетін бірлескен бұйрық — тек камералардың жұмысындағы дәлдігі мен жылдамдықты өлшеудегі рұқсат етілген қателігіне байланысты. Бұл құжат жүргізушілерге жаңа талаптар енгізбейді және жауапкершілікке тарту шегіне әсер етпейді.

Осылайша, 2 км/сағ асырғаны үшін айыппұл салынады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

Сондай-ақ полиция жалған ақпарат таратқан адамның анықталғанын хабарлады. Ол Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны болып шықты және сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Оқу үшін