Жалған сілтемені қалай анықтаймыз

Фото: Depositphotos
Алаяқтар мен манипуляторлар адамды алдау үшін визуалды ұқсастықты және психологиялық қысымды пайдаланады. NoFake.kz cілтемедегі «айлакерлікті» немесе «фишингтік қулықтарды» нақты өмірде кездесетін мысалдармен талдауды ұсынады.
1. «Көзге көрінбейтін» әріптер (Typosquatting)
Бұл – ең көп таралған әдіс. Сілтеме танымал сайтқа өте ұқсас болып көрінгенімен, бір әріптен қате кетеді. Мысалы Сізге банктен немесе танымал сервистен хат келді дейік. Шын сілтеме: «kaspi.kz» Айлакер сілтеме: «kaspii.kz» немесе «kaspl.kz» (соңғысында «i» әрпінің орнына кіші L әрпі тұр).
Қауіп: Сіз сайтқа кіріп, өз логин-пароліңізді енгізген сәтте, деректеріңіз алаяқтардың қолына түседі.
2. Қысқартылған сілтемелердің астары
Әлеуметтік желілерде орынды үнемдеу үшін «bit.ly», «t.co», «clck.ru» сияқты сервистер қолданылады. Бірақ оның астында не тұрғанын сырттай көру мүмкін емес. Мысал: «Сіз ұтыс иегері атандыңыз! Сыйлықты алу үшін мына сілтемеге өтіңіз: bit.ly/3xYzAb4». Тереңірек үңілу: Бұл сілтеме сізді ресми сайтқа емес, вирусы бар файлды автоматты түрде жүктейтін бетке бағыттауы мүмкін.
Лайфхак: Мұндай сілтемелерді баспай тұрып, CheckShortURL немесе Unshorten.it сияқты сервистерге қойып тексерсеңіз, ол сілтеменің баратын түпкі мекенжайын көрсетеді.
3. Кириллица мен Латиницаның араласуы (Homograph Attack)
Бұл ең қулық әдістердің бірі. Кейбір әріптердің жазылуы екі әліпбиде де бірдей.
Мысалы: «apple.com»
Бірінші «а» әрпі латынша емес, кириллицадағы «а» болуы мүмкін. Компьютер үшін бұл екі бөлек сайт, бірақ адам көзіне бірдей көрінеді.
Қалай сақтану керек?
Күмәнді сілтемені көшіріп алып, кез келген мәтіндік редакторға (мысалы, Notepad) қойып көріңіз. Кейде браузерлер мұндай қауіпті сілтемелерді `xn--e1a…` сияқты кодпен көрсете бастайды.
4. Мәтін мен сілтеменің сәйкес келмеуі (Hyperlink Masking)
Мәтінде жазылған сөз басқа, ал оның астындағы сілтеме (URL) мүлдем басқа болуы мүмкін.
Мысал: Мәтінде «Толығырақ [www.gov.kz](http://zian-sait.com/virus) сайтынан оқыңыз» деп тұр.
Тексеру әдісі:
Компьютерде: Тышқан курсорын сілтеменің үстіне апарыңыз, бірақ баспаңыз. Сол кезде браузердің сол жақ төменгі бұрышында шын мәнінде қай сайтқа бара жатқаныңыз көрінеді.
Смартфонда: Сілтемені саусақпен ұзақ басып тұрыңыз. Сонда шынайы мекенжайы бар терезе ашылады.
Сілтемеге өтпес бұрын осы 3 пунктті тексеріңіз:
1. Протокол: Сайт `https://` (қауіпсіз) ма, әлде `http://` (ескі, қорғалмаған) ма?
2. Домен: Сайттың атында артық символдар немесе қате әріптер жоқ па?
3. Контекст: Бұл сілтеме маған не үшін келді? Мен мұндай ақпаратты күттім бе?
Егер сілтеме сізді асықтырса («Тез арада кіріңіз!», «Шот бұғатталды!», «Тек қана бүгін!»), демек, бұл – 99% жағдайда манипуляция. Сыни ойлау – бұл ең алдымен пауза жасай білу.


