NoFake

Астанада көліктерді эвакуациялау ақылы болды: өзгеріс кімге қатысты

Фото: Gov.kz

Астанада жол ережесін бұзған жүргізушілердің көліктерін ақылы эвакуациялау жүйесі енгізілді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлады. Жаңа тәртіпке сәйкес, арнайы эвакуаторлар дұрыс қойылмаған көліктерді коммуналдық тұрақтарға жеткізеді.

Ең алдымен жаяу жүргіншілер өткелдері, тротуарлар және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындарда тұрған көліктер эвакуацияланады.

Қалалық жол қозғалысын ұйымдастыру орталығының директоры Марат Садуов айтуынша, тұрақ және аялдау ережелерін бұзу көшелердің өткізу қабілетін 50%-ға дейін төмендетеді. Қазір елордада 600 мыңнан астам көлік тіркелген, ал автоматтандырылған жүйелер күн сайын 2 мыңнан астам құқықбұзушылықты анықтайды.

Эвакуация процесі толық цифрландырылған: жүйе бұзушылықты тіркеп, деректерді полицияға жібереді. Кейін көлік иесіне eGov Mobile арқылы хабарлама келеді, ал шешім цифрлық форматта рәсімделеді.

Егер жүргізуші көлігін дер кезінде орнынан алып кетсе, эвакуация қолданылмайды, тек айыппұл салынады. Көлігін таппаған жүргізушілер 102 немесе 112 нөмірлеріне хабарласа алады. Көлікті қайтару үшін полициядан рұқсат алып, арнайы тұрақтан шығару қажет. Эвакуация құны – 3 АЕК, ал тұрақта сақтау ақысы бөлек төленеді.

Оқу үшін