Дербес деректер тарағанда не істеу керек

Фото: Freepik.com
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі дербес деректер тараған сәтте, не істеу қажеттігін түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Агенттік мәліметінше, дербес деректердің жария болуы — бұл жай ғана теориялық қауіп емес, бүгінгі күні жиі кездесетін нақты проблема. Мысалы, тек өткен жылдың өзінде ЖСН, мекенжай, телефон нөмірі сияқты жеке мәліметтерді қамтитын 16 миллионнан астам жазба ашық түрде, көпке қолжетімді болған.
Дербес деректер дегеніміз не?
Дербес деректер — бұл адамның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін кез келген ақпарат. Олар екіге бөлінеді:
- жалпыға қолжетімді деректер — адамның өзі әлеуметтік желілерде жариялаған немесе ашық көздерде (интернет, БАҚ, анықтамалықтар) орналасқан мәліметтер;
- қолжетімділігі шектеулі деректер — тегі, аты-жөні, туған күні, ЖСН, мекенжайы, жеке куәлік мәліметтері және басқа да жеке ақпарат.
Мұндай деректер ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңмен қорғалады және әдетте алаяқтар оған қол жеткізуге тырысады.
Деректердің жария болғанын қалай білуге болады?
Кейбір белгілерге назар аудару керек:
- сіз ешқашан байланысқа шықпаған компаниялардан жиі келетін қоңыраулар мен хабарламалар;
- тіркелмеген сервистерден келген SMS немесе растау кодтары;
- бейтаныс нөмірлерден “танысыңызбын” деп хабарласатын адамдар;
- банк немесе мемлекеттік орган қызметкеріміз деп жиі қоңырау шалатындар;
- аккаунттарыңызда күдікті әрекеттер туралы хабарламалар (бөгде құрылғылардан кіру әрекеттері, код сұраулар).
Деректер таралса не істеу керек?
- Қандай дерек тарағанын анықтауға тырысыңыз
Көп жағдайда нақты қандай мәліметтердің тарағанын білу қиын. Бірақ егер осындай қауіп бар екенін білсеңіз, бірден әрекет еткен дұрыс.
2. Қолды болған деректерді өзгертіңіз
Барлық маңызды аккаунттардағы құпиясөздерді жаңартыңыз. Әр сервис үшін бөлек құпиясөз қолданған жөн. Қосымша қорғаныс ретінде:
- мессенджерлерде PIN-код орнатыңыз;
- банктік қосымшаларда биометрияны қосыңыз.
3. Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз
Агенттіктің мәліметінше, бұл — ең тиімді қорғаныс тәсілдерінің бірі. Құпиясөз ұрланған жағдайда да, қосымша растаусыз аккаунтқа кіру мүмкін болмайды.
4. Аккаунттарды тұрақты тексеріңіз
Алғашқы күндері барлық маңызды сервистерді бақылап отырыңыз. Кейін де бұл әдетті жалғастырып, күмәнді әрекеттерді уақытында байқауға тырысыңыз. Құпиясөздер мен қауіпсіздік параметрлерін әр 3–6 ай сайын жаңартып тұрған дұрыс.
5. Банкке қоңырау шалыңыз
Алаяқтар электрондық поштаңызға қол жеткізсе, оның өзі қауіпті болуы мүмкін. Себебі ол телефон нөмірімен және банк сервистерімен байланысты болуы ықтимал. Сондықтан банкке хабарласып, қауіпсіздік шараларын күшейткен жөн.
Қорытындылай келе, деректердің жария болуы әрдайым алаяқтардың құрбаны боласыз дегенді білдірмейді. Сол себепті алдын ала сақтық шараларын қабылдап, цифрлық қауіпсіздік дағдыларын дамыту — өзіңізді қорғаудың ең тиімді жолы.


