ЖИ абонент тұтқаны көтермей тұрып алаяқтық қоңырауды бұғаттайды — Министр

Фото: Ukimet
Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев ұялы байланыс сапасын арттыру үшін операторлар телеком желілерін талдауға жасанды интеллект енгізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Оның айтуынша, жүйе желідегі жүктемені, пайдаланушылар тығыздығын және базалық станциялардың орналасуын талдап, алдын ала болжайды.
«Бұл инженерлердің қатысуынсыз ресурстарды автоматты түрде қайта бөлуге мүмкіндік береді. Алаяқтықпен күрес аясында AI-антифрод жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Жаппай қоңырау шалу, нөмірді ауыстыру немесе алаяқтық белгілері анықталған жағдайда жүйе шақыртуды абонент телефонды көтергенге дейін-ақ, секундтың үлесінде бұғаттайды», – деді ол.
Сонымен қатар, министр инсультті ерте анықтауға арналған Cerebra AI жүйесі туралы да айтты.
«Бұл жүйе КТ-суреттерін 30 минуттың орнына 5–10 минут ішінде талдауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде инсультті анықтау жылдамдап, дәлдігі артады. Жүйе Астананың 17 емханасында, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында енгізілген», – деді министр.
Оның сөзінше, 2025 жылдың қыркүйегінен бері инсульт күдігімен 7,6 мыңнан астам науқастың деректері талданған. Нәтижесінде өлім-жітім деңгейі 40%-ға төмендеп, дер кезінде ем алған пациенттер саны 150%-ға артқан.
Айта кетейік, министрдің ел кэономикасына ЖИ-ді қалай енгізетіні туралы жазған болатынбыз.


