Авиациялық жұмыстарды кімдер орындай алады: комитет түсіндірді

Фото: freepik.com
ҚР Азаматтық авиация комитеті рұқсат беру құжатынсыз авиациялық жұмыстарды орындауға болмайтынын ескертеді, деп хабарлайды Nofake.kz.
ҚР Азаматтық авиация комитеті мен «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ ҚР заңнамасының талаптарын қатаң сақтау қажет екенін және белгіленген нормаларды бұза отырып қызметті жүзеге асыруға жол берілмейтінін ескертеді.
«Авиациялық жұмыстарды белгіленген тәртіппен берілген, авиациялық жұмыстарды орындау құқығына қолданыстағы куәлігі бар сертификатталған пайдаланушылар ғана орындай алады. Куәліксіз, сондай-ақ тиісті пайдалану спецификацияларынсыз авиациялық жұмыстарды жүзеге асыру ҚР заңнамасын бұзу болып есептеледі және заңнамада белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады», — делінгени хабарламада.
ААК пайдаланушылар келесі талаптарды қамтамасыз етуге міндетті екенін еске салды:
✓ авиациялық жұмыстарды орындау құқығына арналған қолданыстағы куәліктің болуы;
✓ әуе кемелерінің ұшуға жарамдылық талаптарына сәйкестігі;
✓ ұшуды орындауға рұқсат және авиация персоналының біліктілігі;
✓ азаматтық құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандырудың болуы;
✓ белгіленген метеорологиялық минимумдар мен пайдалану шектеулерін қоса алғанда, ұшу қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды сақтау.
«ААК және ҚАӘ авиациялық жұмыстар саласындағы заңсыз қызмет ұшу қауіпсіздігіне, адамдардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ мүлікке тікелей қатер төндіретінін атап көрсетеді», — делінген хабарламада.
Авиация комитеті авиациялық жұмыстарды сертификатсыз жүзеге асыратын тұлғалар мен ұйымдар, әуе кемелерін пайдалануға тыйым салудан бастап, материалдарды құқық қорғау органдарына беруге дейінгі әкімшілік шаралар қолданылатынын ескертеді.
ААК және ҚАӘ азаматтық әуе кемелерінің пайдаланушыларын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға және қызметті тек қолданыстағы рұқсат беру құжаттары болған жағдайда ғана жүзеге асыруға шақырады.
Айта кетейік, былтыр Ақмола облысында жеңіл моторлы ұшақпен қайғылы оқиға болған еді. Бортта ұшқыш пен жолаушы әйел болған. Өкінішке қарай, екеуі де оқиға орнында қаза тапты. 43 жастағы Диана Ахметованың артында үш бала қалған еді.


