Көлікте қатты әуен қосқандар айыппұл төлей ме

Фото: Freepik.com
Желіде азаматтар түн уақытында көлікте қатты әуен қойып, елдің мазасын кетіретін жүргізушілерге көп шағымданған. Аталған әрекет үшін айыппұл бар ма? Nofake.kz анықтап көрді.
Threads желісінде күн жылынғалы бері, көшеде қатты әуенмен көлік айдайтындар туралы жиі талқыланады.

Осыған орай, Nofake.kz ҚР ІІМ-нен аталған әрекет үшін айыппұл бар ма деген сауалды жолдап көрді. Ведомство көлікте шудың қай уақытта болғанына орай, айыппұл қарастырылғанын түсіндіріп өтті.
«Мұндай жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы — азаматтардың тыныштығын бұзу (түнгі уақытта шу шығару, қатты дыбыспен жұмыс жүргізу, музыка қою және т.б.) бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни, жеке тұлғалар үшін 5 АЕК, бизнес субъектілері үшін — 20 АЕК-тен жоғары мөлшерде айыппұл бар», — деді ведомство өкілдері.
Министрлік бұл ретте, көліктегі қатты әуен тек түнгі уақытта қойылған жағдайда және ол көптің тыныштығын бұзған уақытта ғана азаматтар айыппұл төлейтінін ескертті. Себебі, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы жұмыс күндері түнгі 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, ал демалыс күндері түнгі 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейінгі уақыт аралығында ғана, азаматтардың тыныштығын бұзған кезде ғана әкімшілік жауапкершілікті көздейді.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР ІІМ Halyk+ платформасы туралы ескерту жасаған еді.


