NoFake

Deepfake пен фейк инвестиция: ІІМ Halyk+ платформасы туралы ескертті

Коллаж: NoFake.kz

Қазақстанда Halyk+ атауымен таралған жалған инвестициялық платформаға қатысты жаңа алаяқтық схемасы анықталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

ІІМ мәліметінше, интернет кеңістігінде жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып жасалған жаңа алаяқтық түрі тіркелген. Әлеуметтік желілерде deepfake әдісі арқылы банктердің бірінің басшысының бейнесі қолданылған бейнеролик тарап жатыр.

«Бұл видеода азаматтарға Halyk+ деп аталатын инвестициялық платформа арқылы ірі табыс табуға болады деген жалған ақпарат ұсынылған. Алайда мұндай платформа шын мәнінде жоқ», – деп хабарлады ІІМ.

Ведомство таратылған ақпараттың жалған екенін және ол азаматтарды адастыруға бағытталғанын атап өтті. Мұндай схемалар қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты ІІМ күмәнді онлайн ұсыныстарға сенбеуге шақырады. Әсіресе белгісіз платформалар арқылы инвестиция жасау ұсыныстары жоғары тәуекелге ие екені ескертілді.

«Қауіпсіздік мақсатында барлық қаржылық операцияларды тек банктердің ресми бөлімшелерінде жүргізу қажет. Сондай-ақ әлеуметтік желілердегі күмәнді бейнероликтерге сенбеу, белгісіз сілтемелерге өтпеу және жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу маңызды», – делінген министрлік хабарламасында.

Банктен ресми түсінік

Аталған жағдайға байланысты Halyk банк өкілдері де ресми түсінік берді.

«Әлеуметтік желілерде Halyk бренді мен Deepfake технологиясы арқылы жасалған Үміт Шаяхметованың бейнесін пайдаланып жасалған қаржылық алаяқтық әрекеттерінің жиілеуіне байланысты, сіздерді алаяқтардың айла-амалдарына сенбеуге және төмендегі жайттарды есте сақтауға шақырамыз: Банк ешқашан Halyk өнімдеріне үшінші тарап ресурстарында инвестиция салуға шақырмайды. Әрқашан ресми сайттар мен әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда ғана сенімді ақпарат жариялайды. Банк топ-менеджменті мұндай акцияларға ешқашан жеке қатыспайды», — делінген банктің ресми хабарламасында.

Айта кетейік, Deepfake – бұл жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған бейне немесе аудио материалдар. Мұндай жазбаларда адам шынайы өмірде сөйлеп тұрғандай әсер қалдырады, бірақ іс жүзінде олар толықтай жасанды.

Оқу үшін