NoFake

Кір жайғаны үшін айыппұл: елдегі «ерекше» заңдардың қайсысы рас, қайсы фейк

Коллаж: Nofake.kz

Желіде елімізде аулада кір жаю, көгершіндерді тамақтандыру қатысты айыппұлдар жиі талқыланады. Олардың қайсысы шын, ал қайсысы жалған? Nofake.kz зерттеп көрді.

Әлеуметтік желіде ел арасында Қазақстандағы түрлі заңдар жиі талқыланып жатады. Олардың қатарында аулада кір жаю, кәуәп дайындау, жұпаргүл (ред. сирень) жұлу, тіпті түнгі уақытта дәретхана суын ағызу сынды әрекеттер үшін, айыппұл арқалау тақырыбы да бар.

Скриншот: әлеуметтік желіден

Осы сынды әрекеттер үшін Заңда расымен айыппұл қарастырылған ба? Және олардың қайсысы фейк болуы мүмкін? Зерттеп көрдік.

Аулада кір жайғаны үшін, айыппұл арқалауға бола ма?

Мұндай әрекет үшін, Қазақстан Республикасы азаматтары ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы (қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерін бүлдіру, жасыл желектерді жою немесе зақымдау) бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылуы мүмкін. Бұл ретте киім-кешекті қайда және қалай жайылуына мән берген жөн. Егер ол адамдарға бөгет болатын жерде немесе қоғамдық орында жайылса, иә бұл әрекетіңіз үшін айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Айыппұл мөлшерімен төменде таныс бола аласыздар:

  • жеке тұлғаларға – 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл немесе ескерту;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (129 750);
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК (173 000 теңге);
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (432 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Түнгі уақытта унитаз суын пайдаланғаны үшін айыппұл төлеу

Азаматтар арасында ең көп талқыланған айыппұлдың бірі — түнгі уақытта унитазды пайдаланып, судың шуы арқылы көршілердің тыныштығын бұзу. Заңгер Руслан Қожахметтің айтуынша, мұндай әрекет үшін, айыппұл төлеу — ҚР Заңдарының ешбірінде қарастырылмаған. Яғни, бұл үшін айыппұл төлеу — халық арасында таралған мифтердің бірі болуы мүмкін.

«Бұл түнгі тыныштықты бұзу болып саналмайды. Әрине, көрші пәтердегі унитаздың су ағызғандағы дыбысының естілуін құрылыс салушының құрылыс сапасынан үнемдегенінің дәлелі ретінде қолдануға болады, бірақ мұны сараптама арқылы дәлелдеу қажет», — деп түсіндірді ол.

Жұпаргүлді (сирень) жұлғаны үшін, айыппұл қарастырылған ба?

ІІМ ұсынған деректерге сәйкес, мұндай гүлді жұлғаны үшін, Заңда расымен айыппұл қарастырылған.

«Жұпаргүлдің және өзге де жасыл желектердің бұтақтарын саябақ, сквер, көшелер бойында, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында және басқа да қоғамдық орындарда сындыру абаттандыру қағидаларын бұзу және қоршаған ортаға зиян келтіру ретінде қарастырылуы мүмкін», — деп түсіндірді ІІМ баспасөз қызметі.

Бұл жағдайда да Қазақстан Республикасы азаматтары ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал, келтірілген залал, яғни жұлынған өсімдік көлемі көп болса немесе табиғатқа көп зақым келсе, оқиға Қылмыстық кодекстің 340-бабына («Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау») сәйкес қарастырылуы мүмкін.

ІІМ мәліметінше, бұл бап бойынша жаза 160 айлық есептік көрсеткішке дейін (692 мың теңге) айыппұл, дәл сондай мөлшерде түзеу жұмыстары, 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу түрінде болуы мүмкін. Сондай-ақ мүлікті тәркілеу де көзделген.

Дәл осындай әкімшілік жауапкершілік жауқазынды жұлғаны үшін де қарастырылғанын еске саламыз. Егер, қарапайым жауқазындар болса, ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына сәйкес, «Қызыл кітапқа» енген жауқазындар үшін ҚК 339 және 340 баптары бойынша, миллиондаған айыппұл қарастырылған.

Бақшаны ауыз сумен суару үшін айыппұл бар ма?

«Бақшаны ауыз сумен суарғаныңыз үшін, айыппұл төлейсіз» деген түсінік те миф болып шықты. ҚР Су кодексінде Қазақстанда суды ауыз су және тұрмыстық қажеттіліктер үшін, пайдаланатыны жазылған. Аталған Кодексте суды заңсыз немесе мән-мақсатсыз пайдалану (мысалы, су есептеуішсіз немесе өз бетінше пайдалану), су сақтау ережелерін бұзу (егер суға немесе экологияға зиян келсе) жағдайларында ғана айыппұл салынуы мүмкін екені айтылған. Демек, мұндай әрекет үшін — айыппұл төлеу жалған болып шықты.

Көгершіндерді тамақтандыру үшін айыппұл арқалайтыныңыз рас па?

«Көгершіндерді тамақтандырғаныңыз үшін, айыппұл төлейсіздер» деген пікірлерді желіде жиі кездестіргенімізбен, мұндай әрекет үшін айыппұл төлеу — еш Заңда қарастырылмаған.

«Мұндай әрекет үшін тек ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы ойынша ғана айыппұл қарастырылуы мүмкін. Дегенмен, көгершіндер қоршаған ортаны қасақана зақымдамайтынын және адамдар да осы әрекетімен заң бұзбайтынын ескеру керек. Яғни, бұл үшін де Заңда айыппұл бар деген сөз — фейк болып отыр», — деді заңгер Руслан Қожахмет.

Аулада кәуап қуырғаныңыз үшін, айыппұл бар — жалған

Қазақстанда жеке үйлердің аулаларында кәуәп дайындағаны үшін — арнайы айыппұл төлеу ережесі қарастырылмаған және оған тыйым салынбаған. Бұл да азаматтар арасында кең таралған миф. Бұл ретте, тек өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаған жөн. Егер кәуап мангалы үйге тым жақын тұрса, су немесе өртті сөндіру құралдары болмаса, кәуәп жалыны қараусыз қалса немесе отты өшірмей, ол өртке әкелсе, мангалды құрғақ шөпте немесе ағаштың астында орналастырған уақытта ғана, өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін азаматтар айыппұл төлеуі мүмкін.

«Бұл ретте ғимараттар мен құрылыстардан арақашықтық сақтау қажет — ол кемінде 10 метр болуы тиіс. Сосын от тұтату үшін бензин немесе өзге де тез тұтанғыш сұйықтықтарды қолданбау керек. Желді күні от жақпауға, кәуәп пісіруді аяқтаған соң міндетті түрде отты толық сөндіріп, мангалды қақпақпен жабуға кеңес беріледі», — делінген ТЖМ хабарламасында.

ЭЦҚ-ны өзгеге бергеніңіз үшін, айыппұл бар ма?

Бір қызығы аталған әрекет үшін, Заңда расымен айыппұл қарастырылғаны анықталды. Ол — «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнаманы бұзу» деп аталатын 640-бапта қарастырылған.

Ол үшін жеке тұлғалар — 10 АЕК-ке дейін (шамамен 43 мың теңгеге дейін), лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 15 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК, ал заңды тұлғалар үшін — 150 АЕК-ке дейін (650 мың теңгеге дейін) айыппұл қарастырылған.

Көргеніміздей, ел арасында көптеген әрекет үшін, айыппұл бары жиі талқыланғанымен, олардың көпшілігі миф болып шықты. Сол себепті, тек ресми дереккөздердегі ақпаратқа сеніп, сыни ойлау дағдыларын қалыптастырған жөн екенін тағы да еске саламыз.

Оқу үшін