NoFake

2026 жылы салықты қалай азайтуға болады

Фото: depositphotos

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылдан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексіне сәйкес, жеке тұлғалар үшін салықтық шегерімдерді қолдану мүмкіндіктерін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ведомство мәліметінше, салықтық шегерімдер азаматтардың салық салынатын табысын азайтып, сәйкесінше төленетін жеке табыс салығының (ЖТС) көлемін төмендетуге немесе декларация тапсырғанда қайтарылатын соманы арттыруға мүмкіндік береді.

«Салықтық шегерімдер – бұл заңмен берілген нақты мүмкіндік. Оларды дұрыс қолдану арқылы азаматтар салық жүктемесін азайтып қана қоймай, төленген қаражаттың бір бөлігін қайтарып ала алады», – деп хабарлады Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті.

2026 жылы қолжетімді негізгі шегерімдер:
– базалық (стандартты) шегерім — барлық салық төлеушілерге арналған, мөлшері ұлғайтылған;
– әлеуметтік шегерімдер — білім, емделу, ерікті медициналық сақтандыру және зейнетақы жарналары бойынша;
– балалар мен асырауындағыларға арналған шегерімдер;
– мүліктік шегерімдер — тұрғын үй сатып алу, ипотека төлемдері және мүлікті сату кезінде;
– кәсіптік шегерімдер — жеке практикамен айналысатындар мен кәсіпкерлер үшін.

Биылғы басты өзгерістер:
– шегерімдер тізімі кеңейтілді;
– базалық шегерім 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды;
– ЖТС бойынша прогрессивті шкала енгізілді: жылдық табысы шамамен 33,4–36,7 млн теңгеге дейін — 10%, одан жоғары — 15%.

Департамент азаматтарға шегерімдерді тиімді пайдалану үшін растаушы құжаттарды (чектер, келісімшарттар, төлем анықтамалары) алдын ала жинап жүруге кеңес береді. Сондай-ақ артық төленген салықты қайтару үшін 240.00 нысаны бойынша декларация тапсыру қажет. Шегерімдерге қатысты ақпаратты kgd.gov.kz порталындағы жеке кабинеттен немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы тексеруге болады.

Мамандардың айтуынша, салықтық шегерімдерді уақытылы қолдану азаматтарға едәуір қаржыны үнемдеуге және төленген салықтың бір бөлігін қайтаруға мүмкіндік береді.

Оқу үшін