Емхана, электр, инвестиция: Прокуратура алаяқтардың қауіпті тәсілдерін атады

Фото: freepik.com
Қазақстанда алаяқтар жиі қолданатын үш схема анықталды. Мамандар олардан қалай қорғануға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қазақстанда алаяқтар қолданатын ең кең таралған үш сценарий белгілі болды. Олар — емхана атынан қоңырау шалу, электр есептегішін ауыстыруды ұсыну және инвестиция арқылы табыс табуға шақыру.
Бұл деректерді Қазақстанның Бас прокуратурасы «Алаяқтықтан қорғау күні» акциясы аясында «Киберполмен», ІІМ, байланыс операторлары мен банктердің қатысуымен жүргізілген жедел іс-қимылдар барысында анықтаған.
«Бір күн ішінде осындай 37 алаяқтық әрекеттің жолы кесіліп, 51,5 млн теңге сақталып қалды. Бұл схемалардың барлығы бір мақсатқа бағытталған — азаматтардың сеніміне кіріп, SMS-кодтар мен жеке деректерді алу. Көп жағдайда алаяқтар өздерін ресми ұйым қызметкері ретінде таныстырады.Алаяқтықты танудың ең қарапайым белгісі — сізден код сұрау. SMS-код арқылы банк шоттарына қол жеткізу немесе сіздің атыңызға онлайн несие рәсімдеу мүмкін болады»,-деді прокуратураның баспасөз қызметі.
Мұндай жағдайға тап болмас үшін:
— SMS-кодтарды ешкімге бермеңіз;
— телефон арқылы айтылған ақпаратты міндетті түрде тексеріңіз;
— ресми ұйымдарға өзіңіз хабарласып, ақпаратты нақтылаңыз.
Қосымша қорғаныс ретінде «СТОП кредит» функциясын қосуға болады. Бұл қызмет сіздің атыңызға онлайн несие рәсімдеуді шектейді және алаяқтардың әрекетін қиындатады. Функция eGov Mobile қосымшасында немесе банктердің мобильді сервистерінде қолжетімді. Мамандардың айтуынша, мұндай қарапайым қауіпсіздік шаралары азаматтардың өз қаржысын қорғауда шешуші рөл атқарады.


