NoFake

Қазақстан мен Украина халықаралық операцияда алаяқтардың call-орталықтар желісін жойды

Фото: пресс-служба МВД РК

Қазақстан ІІМ мен Украина құқық қорғау органдары бірлескен операция барысында трансұлттық алаяқтар желісін әшкереледі, деп хабарлайды NoFake.kz.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі Украина Ұлттық полициясымен және екі елдің Бас прокуратураларымен бірлесіп ауқымды арнайы операция жүргізді. Нәтижесінде Украина аумағында әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топтың call-орталықтары жойылды.

«Қылмыстық ұйым ұзақ уақыт бойы жалған инвестициялық компаниялардың қызметкерлері ретінде әрекет еткен. Олар азаматтарды алдап, олардың құпия деректеріне, жеке кабинеттері мен банк шоттарына қол жеткізген. Соның салдарынан жәбірленушілердің ақшасы мен цифрлық активтері иемденілген. Сонымен қатар, романтикалық схемалар арқылы сенімге кіріп, криптовалютаға жалған инвестиция ұсыну тәсілдері қолданылған», – деп хабарлады ҚР ІІМ.

Жедел іс-шаралар барысында Днепр қаласында бір мезетте ондаған мекенжай бойынша тінту жүргізілді. Күдіктілердің әрекеті бірнеше елдің азаматтарына бағытталғаны анықталған.

«Арнайы операция барысында 40 мекенжайда тінту жүргізіліп, 53 адам ұсталды. Олардың ішінде сегіз негізгі күдікті қамауға алынды. Тінту кезінде 100 мың АҚШ доллары, ондаған компьютерлік техника, 125 смартфон және алты элиталық автокөлік тәркіленді. Қазіргі уақытта қылмыстық схеманың барлық эпизодтарын анықтау және келтірілген залал көлемін нақтылау бойынша тергеу жалғасуда», – делінген ведомство ақпаратында.

Құқық қорғау органдары халықаралық киберқылмысқа қарсы күрес жалғасатынын мәлімдеді.

Оқу үшін