«Зейнетақы рейтингін көтереміз»: Ақтөбеде алаяқтық схемасы әшкереленді

Фото: Gov.kz
Ақтөбеде «зейнетақы жинағын көбейтемін» деген сылтаумен азаматтардың атына несие рәсімдеген күдікті ұсталды. Полиция мұндай ұсыныстардың алаяқтық екенін ескертті, деп хабарлайды NoFake.kz.
Тергеу мәліметінше, ол «зейнетақы жинақтарының рейтингін көтеремін» деген сылтаумен азаматтардың сеніміне кірген. Күдікті қызмет көрсету желеуімен жәбірленушілердің ұялы телефондарын алып, олардың жеке деректерін пайдаланған. Осы арқылы микрокредиттік ұйымдарда несиелер рәсімдеген.
«Азаматтарды «рейтингті көтеремін», «несие тарихын тазалаймын» секілді күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырамыз. Өз атыңыздан жүргізілетін кез келген қаржылық операцияларға мұқият болып, жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеген жөн», – деп ескертті полиция
Бірнеше айдан кейін азаматтар банктерден мерзімі өткен қарыздар туралы хабарламалар ала бастаған. Осыдан кейін олар қайтадан күдіктіге жүгінген. Алайда ол жағдайды пайдаланып, олардың атына тағы да несиелер рәсімдеген. Полицияның мәліметінше, аталған әрекеттерден 22 адам зардап шеккен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 18 миллион теңгеден асқан. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


