Ақмола облысында жалған дүкен ашқан алаяқ ұсталды

Иллюстрация: freepik.com
Ақмола облысының полицейлері зергерлік бұйымдар сататын интернет-дүкеннің жалған аккаунтын жасап, алаяқтықпен айналысқан әйелдің заңсыз әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Nofake.kz.
«Алаяқтық схемасының құрбаны Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылының тұрғыны болды. Ағымдағы жылдың 16 наурызында полиция бөліміне арыз түскен. Жәбірленушінің айтуынша, бірнеше күн бұрын ол TikTok әлеуметтік желісінен зергерлік дүкеннің жарнамасын көріп, ұсынылған тауарларға қызығушылық танытып, менеджермен байланысқа шыққан»,-делінген баспасөз хабарламасында.
Полицейлер анықтағандай, бұл аккаунт жалған болып шықты. Оны жасаған Шымкент қаласының тұрғыны ресми дүкеннің парақшасын толық көшіріп, өзгенің тауарларын сатылымға қойған.
«Алаяқтықтан бейхабар болған әйел зергерлік бұйымдарды таңдап, көрсетілген шотқа 1,9 миллион теңгеден астам ақша аударған. Осыдан кейін күдікті алдын ала ойластырылған схема бойынша шынайы дүкеннен тапсырыс беріп, жеткізуді Алматы қаласына рәсімдеген. Осылайша, ол жәбірленушінің есебінен зергерлік бұйымдарды сатып алып, қылмыстың ізін жасыруға тырысқан»,-деді облыстық полиция департаменті.
Нәтижесінде жәбірленуші тауарды да, ақшасының қайтарымын да алмаған. Күдікті әшекейлерді алған соң, оның бір бөлігін сатып, қалғанын ломбардқа өткізген. Аталған факті бойынша «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Целиноград ауданы криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке басын анықтады. Ломбардқа өткізілген әшекейлер тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


