Бір топ киікті пойыз қағып кеткен видеоға ҚТЖ түсінік берді

«Қазақстан темір жолы» компаниясы әлеуметтік желіде киіктерді жаппай пойыз басып кеткен видеоға қатысты ресми түсінік берді, деп хабарлайды NoFake.kz.
«Әлеуметтік желілерде таралып жатқан видеолар мұрағаттық сипатқа ие және қазіргі жағдайды көрсетпейді. Аталған оқиғалар 2024–2025 жылдары Колутон – Жалтыр және Жеңіс – Қызылжар учаскелерінде, сол кезде қоршаулар болмаған кезеңде тіркелген», – деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.
Компанияның мәліметінше, қазіргі уақытта теміржол бойындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі екі түрлі талаптың арасында қалып отыр. Бір жағынан, пойыз қозғалысының қауіпсіздігін арттыру үшін арнайы қоршаулар орнатылады. Екінші жағынан, табиғатты қорғау органдары бұл қоршаулар киіктердің табиғи көші-қонына кедергі келтіреді деп есептейді.
Осыған байланысты кей учаскелерде қорғаныс қоршауларын алып тастауға тура келеді. Бұл өз кезегінде жабайы жануарлардың теміржолға қайта шығу қаупін күшейтеді.
«Ауыр жүк пойыздарының тежеу жолы жүздеген метрді құрайды. Сондықтан табын кенеттен жолға шыққан жағдайда шұғыл тежеу әрдайым соқтығысудың алдын ала алмайды», – деп мәлімдеді ҚТЖ.
Компания профильді ведомстволарды теміржол қозғалысының қауіпсіздігіне зиян келтірмей, киіктер популяциясын қорғауға мүмкіндік беретін ортақ шешім табуға шақырды.


