NoFake

Қызылша көбейіп жатыр: министрлік ата-аналарға үндеу жасады

Фото: depositphotos

Қазақстанда қызылша ауруының жаңа жағдайлары тіркеліп, эпидемиологиялық жағдай күрделене түсуде. Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарды балаларын уақытылы вакцинациялауға шақырды, деп хабарлайды NoFake.kz.

«2026 жылдың басынан бері елде қызылшаның 4 184 жағдайы тіркелді. Ауру жұқтырғандардың 83,8%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды», – деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрліктің мәліметінше, соңғы аптада сырқаттанушылық деңгейі алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 1,3 есеге артқан. Мамандар бұл жағдайды, ең алдымен, балалардың вакцинациямен жеткіліксіз қамтылуымен байланыстырады.

Науқастардың егу мәртебесін талдау нәтижесінде жұқтырғандардың 77%-ы екпе алмаған адамдар екені анықталған. Ал вакцинациядан бас тартудың негізгі себебі – ата-аналардың екпеден бас тартуы (55%).

«Вакцинация – қызылшаның ауыр асқынуларының алдын алудың жалғыз тиімді тәсілі», – деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта ел бойынша инфекция ошақтарын оқшаулау және аурудың таралуын болдырмау мақсатында ауқымды эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Балаларға жоспарлы және толықтырушы вакцинация жалғасуда, ал науқастармен байланыста болған адамдарға шұғыл вакцинация жасалады.

Сондай-ақ байланыста болған азаматтарға 21 тәулік бойы медициналық бақылау ұйымдастырылған. Егер балабақшаларда қызылша жағдайлары тіркелсе, екпе алмаған балалардың келуі уақытша шектеледі.

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды жауапкершілік танытып, балаларды Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес уақытылы вакцинациялау үшін медициналық ұйымдарға жүгінуге шақырды.

Оқу үшін