NoFake

Танымал газдалған сусын асқазанды «тесіп» жібере ала ма

Фото: Depositphotos.com

Тәтті газдалған сусын асқазанды «тесіп» жібермейді, бірақ созылмалы ауруларды ушықтыруы мүмкін. NoFake.kz миф пен шынайы қауіпті ажыратып көрді.

Әлеуметтік желілерде Приморск өлкесінде танымал газдалған сусын жасөспірімнің асқазанын «тесіп» жібергені туралы үрейлі ақпарат тарады. Мектеп оқушысының қан құсып, шұғыл ауруханаға түскені хабарланды. Жарияланымдарда бұған сусын құрамындағы ортофосфор қышқылы себеп болды деп көрсетілген.

Бұл сусынның қаупі туралы бұған дейін де әлеуметтік желілерде бірнеше рет айтылған болатын.

NoFake.kz редакциясы бұл мәселені түсіндіру үшін биология ғылымдарының докторы, Астана медицина университетінің Даленов атындағы Ғылыми-зерттеу институты зертханасының меңгерушісі Сәуле Ысқақоваға жүгінді.

«Кола «асқазанды күйдіріп жібереді» деген мәлімдемелер медициналық тұрғыдан дұрыс емес. Адам асқазаны күн сайын рН деңгейі өте төмен тұз қышқылын бөліп шығарады – бұл кез келген газдалған сусынға қарағанда әлдеқайда агрессивті орта. Асқазанның шырышты қабығының қорғаныс механизмдері бар, сондықтан дені сау адамда сусынды бір рет тұтыну химиялық күйік тудыруы мүмкін емес», — деп түсіндірді биолог.

Оның айтуынша, мұндай жағдайларда әңгіме «күйдіру» туралы емес, бұрыннан бар аурулардың асқынуы туралы болып отыр. Гастрит, эрозия, асқазан жарасы немесе гастроэзофагеалды рефлюкс кезінде қышқыл газдалған сусындар шынымен де қабынуды күшейтіп, қышқылдықты арттырып, ауырсынуды немесе қыжылды қоздыруы мүмкін.

Маман нақты бір бренд туралы емес, жалпы тәтті газдалған сусындар санаты туралы айтқан дұрыс екенін атап өтті, өйткені олардың әсері құрамындағы ұқсас заттармен анықталады.

«Мұндай сусындардың басты ерекшелігі – тағамдық құндылығы төмен бола тұра, қосылған қант мөлшерінің өте жоғары болуы. Ағза тез сіңетін калориялардың айтарлықтай мөлшерін алады, бірақ олар іс жүзінде тойымдылық сезімін тудырмайды. Бұл рационның жалпы калориясын арттырып, энергияны артық тұтынуға ықпал етеді», — дейді С. Ысқақова.

Тәтті газдалған сусынды жүйелі түрде ішу мынадай қауіптермен байланысты:

Артық салмақ пен семіздік;

Көмірсу алмасуының бұзылуы және 2-типті қант диабеті;

Бауырдың алкогольсіз майлы ауруы;

Жүрек-қан тамырлары аурулары;

Стоматологиялық мәселелер, соның ішінде кариес.

«Сұйық қанттар тез сіңіп, глюкоза деңгейінің күрт ауытқуын және инсулиннің қайта-қайта бөлінуін тудырады. Жүйелі түрде тұтыну кезінде бұл инсулинге төзімділіктің (резистенттілік) дамуына әкелуі мүмкін – бұл заманауи метаболикалық аурулардың негізгі факторларының бірі», — деп толықтырды маман.

Бұл ретте жағымсыз салдарлар сусынды бір рет ішкеннен емес, оны күнделікті рационға жүйелі түрде қосқанда, әсіресе судың орнына ішкенде қалыптасады.

Профилактикалық медицина тұрғысынан қорытынды қарапайым: тәтті газдалған сусынды сирек кездесетін «ермек» ретінде қалдыруға болады, алайда ішу режимінің негізі жай су болуы тиіс. Денсаулыққа сусынның атауы емес, оны тұтынудың тұрақтылығы әсер етеді.

Оқу үшін