Жүк көліктеріне неге шектеу қойылады — Министр түсіндірді

Фото: depositphotos
Әлеуметтік желіде «жүк көліктеріне негізсіз шектеу қойылып жатыр» деген пікірлер тарады. Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев бұл шектеулердің себебін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Министрдің айтуынша, қазіргі асфальт-бетон жабыны сегіз тоннаға дейінгі үлестік жүктемеге есептелген. Алайда қозғалыс қарқыны жоғары және ауа температурасы көтерілген кезде жол жабындысы ауыр салмаққа шыдамай, бүлінуі мүмкін.
«Көп интенсивті қозғалыс және ыстық кезінде асфальт оған шыдамайды. Осыған байланысты жазғы мезгілдің күндізгі уақытына жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады. Бұл транзиттің дамуына кедергі келтіреді», — деді Нұрлан Сауранбаев.
Министр балама ретінде цемент-бетон жабынын атады. Оның сөзінше, мұндай жабын ауыр жүктемеге төзімді және қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін жетеді.
«Осындай жағдайларда транзит дәліздерінде жол жабынын дұрыс таңдау маңызды», — деп атап өтті ол.
Жол инфрақұрылымының қазіргі жағдайы
Қазақстанда жалпы ұзындығы 95 мың шақырым жол бар. Оның ішінде:
- 25 мың шақырым – республикалық маңызы бар, Көлік министрлігіне қарасты жолдар;
- 70 мың шақырым – облыстық және аудандық деңгейдегі, әкімдіктердің құзырындағы жолдар.
Жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін 10 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған.
Министрдің мәліметінше:
- 2024–2025 жылдары алғашқы 5 мың шақырым жол толық жөнделді;
- 2026–2028 жылдары тағы 5 мың шақырым жол жөндеуден өтеді.
Осылайша, жаз мезгіліндегі шектеулер жол жабындысын сақтау және оның қызмет ету мерзімін ұзарту мақсатында енгізілетіні айтылды.


