ІІМ атынан тараған шұғыл хабарлама фейк

Фото: depositphotos
Ел ішінде «Сирия мен Ауғанстаннан келген иммигранттардан сақтаныңыздар» деген жалған ақпарат қайта тарап жатыр, деп хабарлайды, NoFake.kz.
WhatsApp пен Telegram желілерінде «ІІМ өкілі А.Б. Жафаровтың» атынан жазылған үндеу қайта тарап жатыр. Хабарламада «мигранттардан сақтану», «шам ауыстыратын ұрылар» және «бала ұрлаушылар» туралы айтылып, халықты үрейленуге шақырады. Бұл смс былтыр да елді дүрліктірген болатын.

Хабарламада «Эссом» компаниясы туралы айтылады, бірақ мұндай компания Қазақстанның коммуналдық нарығында жоқ. Сонымен қатар ақпарат «Хабарлар» телебағдарламасынан көрсетілетіні де жазылған. Алайда Қазақстанда ондай хабар жоқ.
ІІМ-нің ресми жауабы
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бұл хабарламаның шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Министрлік мұндай мәлімдеме жариялаған жоқ. Азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз. Күдік тудыратын жағдайлар кезінде 102 нөмірі арқылы полицияға жүгініңіздер. Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз», — делінген ведомство хабарламасында.
Мәтін «шұғыл», «қатаң сақтау», «өмірін сақтап қалу» деген сияқты үрей туғызатын сөздерге толы. Бұл – адамның сыни ойлауын бұғаттау үшін жасалған айла.


