Президент сынынан кейін: «Самұрық-Қазына» 650 қызметкерін жұмыстан шығарады

Фото: Samuryk.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры орталық аппараттағы қызметкерлер санын қысқартуға кірісті, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қор басшысы Нұрлан Жақыпов Ақордада журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Астанадағы бас кеңседе жұмыс істейтін қызметкерлердің шамамен 10 пайызы қысқартылатынын айтты.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қордың Астанадағы орталық кеңсесінде шамамен 6,5 мың адам еңбек етеді. Ал жоспарланған оңтайландыру аясында олардың кемінде 650-і жұмыстан босатылуы мүмкін.
«Біз әкімшілік-басқару персоналының 10 пайызын қысқартып жатырмыз. Барлық корпоративтік шешімдер қабылданды. Біз еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Наурыз айының соңына дейін бұл шешімдер толық жүзеге асырылады деп ойлаймын», – деді Жақыпов.
Ол бұл процесс өндірістік қызметкерлерге әсер етпейтінін нақтылады.
«Бізде қызметкерлерді бағалау жүйесі, тиімділік көрсеткіштері (KPI), сондай-ақ мотивация жүйесі бар. Қысқарту туралы шешім қабылдағанда осының бәрі ескеріледі», – деді қор басшысы.
Еске сала кетейік, 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік сектордағы басқару құрылымдарының тиімсіздігіне назар аударып, «сол жағалаудағы шенеуніктер кофеханалардан шықпай жүреді» деп сын айтқан болатын.
Осыдан кейін ұлттық компанияларда басқару жүйесін қайта қарау және штат санын оңтайландыру бойынша ішкі талдау басталғаны айтылып отыр. «Самұрық-Қазынадағы» қысқарту сол өзгерістердің бір бөлігі болуы мүмкін.


