NoFake

Еңбек демалысы сақтала ма — Конституцияның жаңа жобасына қатысты түсіндірме

Иллюстрация: freepik.com

Әлеуметтік желілерде Конституция жобасына байланысты еңбек демалысы жойылады деген пікірлер тарады. Еңбек министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, жыл сайынғы ақы төленетін демалыс сақталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Әлеуметтік желілерде Конституцияның жаңа редакциясы жобасының 27-бабы 4-тармағындағы демалыс құқығына қатысты тұжырымдамада «демалыс» сөзінің алдында «жыл сайынғы» сөзі алынып тасталғаны жөнінде ақпарат таралуда. Жекелеген жарияланымдарда бұл өзгеріс қызметкерлердің құқықтарын шектеуге негіз болады деген пікірлер келтірілген. Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды»,-делінген ресми хабарламада.

Еңбек министрлігінің хабарлауынша, 27-баптың жобасында демалыс құқығы заңмен кепілдік берілетін әлеуметтік құқық ретінде бекітілген. Демалыс — осы құқықты жүзеге асыру нысандарының бірі. Оның ұзақтығы, кезеңділігі, берілу тәртібі және өзге де шарттары еңбек заңнамасымен реттеледі.

«ҚР Еңбек кодексі жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын тікелей көздейді, оның ең төменгі ұзақтығын, берілу тәртібін, сондай-ақ демалыс бермеуге тыйым салуды белгілейді. Сонымен қатар, Еңбек кодексінде «демалыс» ұғымы оның әртүрлі түрлерін, атап айтқанда: жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын, әлеуметтік демалыстарды және заңнамада көзделген өзге де демалыс түрлерін қамтиды. Осыған байланысты жобада ұсынылған редакция заң техникасы тұрғысынан неғұрлым дәл және жинақы. Бұл ретте демалыс құқығы мемлекет тарапынан кепілдік берілген құқық ретінде сақталады. Аталған нормалар қолданыста қалады және Конституцияның жаңа редакциясының жобасына қайшы келмейді»,-деп хабарлады министрлік.

Қорыта айтқанда, Конституциялық норманың жаңартылған редакциясы жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының күшін жоюды білдірмейді және еңбек заңнамасының автоматты түрде өзгеруіне әкеп соқпайды.

Оқу үшін