TikTok-тағы Kaspi акциясы: ІІМ бөгде Apple ID енгізудің қаупін түсіндірді

Фото: Depositphotos
TikTok-та Kaspi арқылы бөгде Apple ID-ге кіріп, 50 мың теңге алуға болады деген жарнама алаяқтық болуы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі ескертіп, азаматтарды жеке деректерін енгізбеуге шақырды, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Кaspi.kz абай болыңыздаршы! Мен сіздерге шағым қалдырдым. TikTok-тағы бұл жарнама адамдарды белгісіз бір сайтқа бағыттайды. Ол жерде бөтен Apple ID-ге кіріп, өз телефоныңыздың деректерін енгізу керек болады, сөйтіп «50 000 теңге аласыз» деп алдайды. Мен олардың не істейтінін түсініп қойдым: iPhone-ды бұғаттап тастайды да, кейін бұғаттан шығару үшін ақша талап етеді (мұндай жағдайлар туралы талай естігенмін). Бірақ көп адам бұл алаяқтық екенін білмейді. Kaspi мен Apple арасында ешқандай коллаборация жоқ. Пікірлерде көптеген адамғ әсіресе балалар сеніп отыр»,-деп жазды желі қолданушысы.
Осы жазбадан соң редакция ІІМ баспасөз қызметіне ресми сауал жолдап, Apple ID деректері арқылы мұндай алаяқтықтан қалай сақтануға болатынын сұрады.
«Белгісіз тұлғаларға ақша аудармау; полиция органдарына арызбен жүгіну; тексеру үшін маңызы бар хат алмасулар мен өзге де мәліметтерді сақтау; құрылғы өндірушісінің ресми қолдау қызметіне хабарласып, қолжетімділікті қалпына келтіру; алдағы уақытта бөгде есептік деректерді енгізбеу және интернеттегі ақпараттың шынайылығын тексеру ұсынылады», – деді ведомство өкілдері.


