Скринингтен өту үшін үш күн әлеуметтік демалыс берілетіні рас па

Фото: Freepik.com
Қазақстан азаматтары скринингтен өту үшін жылына бір рет үш күнге дейін әлеуметтік демалыс рәсімдей алады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Көпшілік мұндай әлеуметтік демалыстың барын біле бермейді.

Осыған орай, Nofake.kz ҚР Еңбек және әлеуметтік қолдау министрлігіне ресми сұраным жолдаған еді. Ведомство аталған сұраққа қатысты жауап ұсынды.
«ҚР Еңбек кодексінің 87 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында қызметкерлерге әлеуметтік демалыстар беріледі. Ол жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының өзге түрі. Жалпы әлеуметтік демалыс дегеніміз — бұл қызметкерлерді әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында, белгілі бір уақытқа жұмысынан босату демалысы. Оған ана атануына қарай, скринингтік зерттеулерден өту, бала күтімі және жұмыс орнын сақтай отырып, білім алу жатады», — деп түсіндірді ведомство.
Министрлік осы орайда әлеуметтік демалыс түрлерін тізіп берді:
1.Еңбекақы сақталмайтын еңбек демалысы.
2. Оқуға байланысты демалыс.
3. Жүктілік және бала туу (бала асырап алу) бойынша демалыс.
4. 3 жасқа дейінгі балаға күтімі бойынша ақысыз демалыс.
5. Скринингтен өтуге арналған демалыс — жылына 3 жұмыс күніне дейін.
6. Жүктіліктің 12 аптасына дейін медициналық есепке алу демалысы — кемінде 3 жұмыс күні.
Ведомство оның ішінде скринингтен өту демалысының ерекшеліктерін түсіндірді:
«Жылына 3 жұмыс күніне дейін беріледі. Бұл демалыс кезеңі еңбек өтіліне кіреді. Аталған демалысты қызметкердің өтінішімен, жұмыс берушінің актісіне сәйкес рәсімдеуге болады. Яғни, профилактикалық медициналық скринингтен өту үшін қызметкер 3 күнге дейін әлеуметтік демалыс сұрауға құқылы. Жұмыс беруші демалысты рәсімдеуге және жұмыскерді осы кезеңде жұмысынан босатуға міндетті», — деп түсіндірді ведомство өкілдері.


