NoFake

Жылжымайтын мүлік құжаттарын жаппай ауыстыру қажет — фейк

Иллюстрация: freepik.com

«Азаматтарға арналған үкімет» жылжымайтын мүлік құжаттарын жаппай ауыстыру қажет деген ақпаратты жоққа шығарды.

Екі жыл бұрын «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңға түзетулер енгізілген. Аталған өзгерістерге сәйкес, «техникалық паспорттың» орнына «жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты» термині ресми түрде енгізілген. Жалған ақпарат таратушылар осы өзгерісті дұрыс түсінбей отыр.

Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, бұған дейін берілген тұрғын үйдің техникалық паспорты заңды күшін сақтайды және мәмілелер жасау кезінде пайдалануға болады.

«Құжат атауы өзгергенімен, кадастрлық паспортты ауыстыру міндет емес. Өзгерістер енгізілгенге дейін берілген техникалық паспорттар заңды күшіне ие және мәмілелерді рәсімдеу кезінде қолдануға жарамды. Олар тек азаматтардың өз өтініші бойынша ауыстырылады», — деп хабарлады ведомство.

Тұрғын үй иесі ауысқан жағдайда да құжатты қайта рәсімдеу талап етілмейді — ол күшінде қалады.

Кадастрлық паспорт тұрғын үй сипаттамалары өзгерген кезде (қайта жоспарлау, реконструкция), сондай-ақ нақты деректер мен құжаттар арасындағы айырмашылық анықталған жағдайда рәсімделеді.

«Кадастрлық паспортты дайындау мерзімі объектінің түріне байланысты 3-тен 10 жұмыс күніне дейін созылады. Қолданыстағы заңнамада кадастрлық паспорт беру немесе ауыстыру мемлекеттік қызметіне жеңілдіктер қарастырылмаған. Қызмет ақысын жылжымайтын мүлік иесі төлейді», — деп қосты мемлекеттік корпорация өкілдері.

Кадастрлық паспорт алу үшін мына құжаттар қажет:

белгіленген үлгідегі өтініш;

жеке куәлік немесе цифрлық құжаттар сервисіндегі электрондық құжат (жеке тұлғаны сәйкестендіру үшін), сондай-ақ өкіл болған жағдайда оның өкілеттігін растайтын құжат;

жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжат;

қызмет ақысын төлегенін растайтын құжат.

Оқу үшін