Миллиондаған ақша аудармақшы болды: ШҚО полицейлері алаяқтықтың алдын алды

Фото: gov.kz
ШҚО-да тұрғындар алаяқтарға миллиондаған теңге аудармақшы болған. Полиция дер кезінде операцияны тоқтатып, алаяқтықтың алдын алған, деп хабарлайды Nofake.kz.
Өскеменде полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында банкоматтар мен төлем терминалдары маңын күзеткен. Осылайша, профилактикалық шаралардың нәтижесінде соңғы күндері үш бірдей алаяқтық әрекетінің жолы кесілген.
«Алғашқы жағдайда белгісіз біреулер өздерін жедел жеткізу компаниясының қызметкерлері ретінде таныстырып, қала тұрғынын 3 миллион теңге аударуға көндірмекші болған. Алаяқтар түрлі сылтаулар айтып, қаражатты шұғыл түрде жіберуді талап еткен. Алайда банкомат жанында кезекшілікте тұрған полиция қызметкерлері күдікті әрекетті байқап, ер адаммен түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Соның арқасында ірі көлемдегі ақша аударымы дер кезінде тоқтатылды», — делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері тағы бар оқиғамен бөлісті. Онда қарт әйел бейтаныс адамның нұсқауымен 35 мың теңге жібермекші болған. Полицейлер оның алаяқтардың құрбаны болайын деп тұрғанын түсіндіріп, операциядан бас тартуға көндірген.
«Үшінші жағдай жалған инвестиция схемасына қатысты. Қарт кісіге көп табыс табуға уәде беріліп, арнайы «куратор» тағайындалған. Сенімге кірген алаяқтар оны 3 миллион теңге аударуға итермелеген. Дегенмен полиция қызметкерлері уақытылы араласып, бұл қаржының да бөтен адамдардың қолына түсуіне жол бермеді», — делінген хабарламада.
Осыған орай, тәртіп сақшылары азаматтарды бейтаныс адамдардың ақша аудару туралы нұсқауларын орындамауға шақырады.
«Әсіресе «шұғыл төлем», «қауіпсіз шот», «кепілдендірілген пайда» сынды сөздер айтылған жағдайда сақ болу қажет», — дейді мамандар.
Ведомство өкілдері күдік туындаған жағдайда, дереу «102» нөміріне хабарласу қажеттігін еске салады.


