NoFake

Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады

Фото: facebook.com/bobek.samopoznanie

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Кеңесшісі – Баспасөз хатшысының Сара Алпысқызы Назарбаеваның денсаулығына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды NoFake.kz.

«Сара Алпысқызы Назарбаева 2025 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Алматы қаласындағы Ұлттық госпиталінде ем қабылдады. Сол кезеңде ол ауыр жүрек талмасын бастан өткерді. Дәрігерлер ұзақ уақытқа созылған ауыр қант диабеті мен үдемелі созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі аясында дамыған жүректің ишемиялық ауруын, жүрек және өкпе жеткіліксіздігін анықтады»,- деп хабарлады Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы.

Айтуынша, Сара Назарбаева ұзақ уақыт бойы өкпені жасанды желдету және жасанды бүйрек аппараттарына қосылған күйде болды.

«Биылғы жылдың қаңтар айында жағдайының тұрақтануына байланысты стационарлық емдеу кезеңі аяқталды. Қазіргі уақытта Сара Алпысқызы Алматы қаласында үй жағдайында дәрігерлердің бақылауында»,-деді Айдос Үкібай.

Еске сала кетейік, Сара Назарбаеваның ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпарат алғаш рет 2025 жылдың 5 мамырында шыққан еді. Ол кезде оның жағдайы ауыр екені хабарланған. Ауруханаға түскеннен бірнеше күн өткен соң әлеуметтік желілерде Сара Назарбаеваның кенеттен қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Алайда ресми дереккөздер бұл мәліметті жоққа шығарып, жалған ақпарат екенін мәлімдеген.

2025 жылдың қазан айында Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның сәуір айынан бері Ұлттық госпитальде ем алып жатқанын хабарлаған болатын.

Оқу үшін