NoFake

Президент денсаулық сақтау және білім саласындағы алаяқтықты сынға алды

Фото: Aqorda

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесіндегі алаяқтық фактілеріне тоқталды, деп хабарлайды Nofake.kz.

Мемлекет басшысы өз сөзінде денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе жұмысын сынға алды. Ол аталған жүйелерді қысқартуды талап етті.

«Денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Аталған жүйелерді бір-біріне толыққанды байланыстыруды бұған дейін қанша талап етсек те, сол күйі жасалмады. Бюджет қаржысын жымқырудың басты себептерінің бірі – осы. Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада орын алып жатыр. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасалғанына, оны кімдердің жасырғанына қарамастан, істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесін өз бақылауымда ұстаймын», — деді Президент.

Президент осы ретте Үкіметке Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйесін құру туралы нақты тапсырма берді.

«Үкіметке 1 желтоқсанға дейін Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмысын аяқтауды тапсырамын. Бұл барлық үдеріске бақылау жасап, басынан аяғына дейін қадағалап отыратын жүйе болуға тиіс. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің де барынша ашық болуын қамтамасыз ету керек. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жалған құжат толтырып, деректерді бұрмалайтын қитұрқы жолдар бар екені анықталды. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым», — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев жымқыру әрекетіне қатысы бар адамдарды заң тұрғысынан жауапқа тарту қажет екенін атап өтті.

«Тағы да айтамын. Бас прокуратура және тиісті құқық қорғау мекемелері барлық жымқыру әрекеттеріне қатысы бар адамдарды заң тұрғысынан жауапқа тартуы қажет», — деді ол. 

Сонымен қатар, мемлекет басшысы алаяқтық әрекеттер білім саласында бар екенін жеткізді.

«Білім саласында да неше түрлі алаяқтық әрекеттер бар болып шықты. Заңды бұзған азаматтарды міндетті түрде жазаға тарту керек. Үкіметке жыл соңына дейін Қордың жұмысын толық цифрландыруды тапсырамын. Сонда ғана жұмыс ашық жүргізіледі, ал қаржы тиімді жұмсалады», — деді ол. 

Айта кетейік, бүгін Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтуде. Онда Премьер-министр Олжас Бектенов, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-министрдің орынбасары — Цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев өз баяндамаларын оқып, өткен жылдағы жұмыс қорытындыларымен таныстырды.

Оқу үшін