619 ер адам өткен: «Олимп» басшысы маммография пайдасын түсіндірді

Фото: Depositphotos
МӘМС қаржысын игеру мақсатында Қазақстанда 619 ер адамның маммографиядан өткені қоғамда түсініспеушілік тудырды. Өз кезегінде «Олимп» клиникасының бас директоры оның медициналық себептерін түсіндірді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Ерлан Сүлейменовтің жазуынша, ерлердің де бұл тексерістен өтуі қалыпты медициналық тәжірибе.
«Иә, ерлер шынымен де маммографиядан өтеді. Және бұл қателік немесе біреудің жаппай абсурды емес. Гинекомастия деген диагноз бар. Қарапайым тілмен айтқанда, қалыпты жағдайда кеуде тұсында без емес, май болуы керек. Өкінішке орай, кейбір ерлерде безді тін пайда болады. Бұл – қауіпті сигнал», — деп атап өтті ол.
Кімдерге тексерілу қажет
Ерлан Сүлейменов ер адамдарға маммография тағайындалатын нақты жағдайларды тізіп берді:
Тұқым қуалаушылық: Жақын туыстары ракпен ауырған жағдайда қауіп артады.
Генетикалық мутациялар: BRCA генінің мутациясы бар ерлер әлемдік хаттама бойынша жеке қауіп тобына жатады.
Симптомдар: Кеудедегі қатаю, асимметрия және емізіктен сұйықтық бөліну.
Сондай-ақ, зертхана басшысы екі жылдағы 600-ден астам жағдайды бірден айыптауға болмайтынын, оның ішінде нақты клиникалық қажеттіліктердің үлесі басым болуы мүмкін екенін ескертті.
«Сондықтан 600-ден астам ер адамның көрсеткіші әр түрлі мағына беруі мүмкін: бұл қалыпты статистика, нақты клиникалық көрсеткіштердің нәтижесі немесе тексеруді қажет ететін жағдайлар болуы ықтимал… Бірақ дәрігерлерге, пациенттерге және МӘМС жүйесіне бірден мін тақпай, мәселені нақты, нүктелі түрде зерттеу керек», — деді Ерлан Сүлейменов.
Сөзінің соңында зертханалар желісінің басшысы медицина — бұл жалпылама ұғым емес, әр адамның денсаулығына жеке көзқараспен қарауды талап ететін сала екенін айтып, жұртшылықты денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМСҚ) қызметін тексеру барысында қаржыландырудағы өрескел заңбұзушылықтар анықталған болатын. 19 қаңтар күні өткен Үкімет отырысында 768 827 ер адамның әйелдерге арналған ауруларға, яғни жатыр мойны обырына скринингтен өткені, ал 619 ер адамға маммография жасалғаны айтылды.Тексеру қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігіне барлық материалдарды құқық қорғау органдарына жолдауды тапсырды. Сонымен қатар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешім қабылданды.


