Қосшыда 1,5 млн теңге қалыңмалмен қашып кеткен қалыңдық ісі тергеліп жатыр

Фото: depositphotos
Ақмола облысының полиция департаменті Қосшы қаласында тойға дайындық сылтауымен жасалған алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Полицияға 28 жастағы ер адам арызданған. Оның айтуынша, бірге тұрған әйел адам тойға дайындық пен қалыңмал төлеу сылтауымен 1,5 млн теңгеден астам қаражатты алдап алған.
«Тергеу барысында ер адамның әйелмен 2025 жылдың тамыз айында әлеуметтік желі арқылы танысқаны анықталды. Әйел өзін Шымкент қаласының тумасымын деп таныстырып, кейін бірге тұруды ұсынған. Біраз уақыттан соң жүкті екенін айтып, ер адамды некені заңдастыруға көндірген.Арызданушының мәліметінше, оның ата-анасы болашақ құдаларға 950 мың теңге көлемінде қаражат беріп, қосымша 600 мың теңгеден астам сомаға алтын әшекейлер сатып алған. Алайда кейін әйел байланысқа шықпай кеткен»,-деді Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Кейін белгілі болғандай, әйел бұрын тұрмыста болған және үш баласы бар. Аталған дерек бойынша алаяқтық белгілерімен қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің жүрген жерін анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.


