Конституция жобасы: шетелдіктерге жер сатуға рұқсат деген ақпарат жалған

Фото: Gov.kz
Әлеуметтік желідегі жаңа Конституция жобасында жерді шетелдіктерге сатуға тыйым алынып тасталғаны туралы жалған ақпарат тарады, деп хабарлайды nofake.kz/.

Фейк жазбада «президент пен құрылтай ел жерін сата алады» деген тұжырым айтылады. Бірақ талқылауға шығарылған Конституция жобасында жерді шетелдіктерге сату туралы ешқандай норма жоқ.
Қолданыстағы Конституциядағы негізгі ереже өзгеріссіз сақталған.

Осыған байланысты әлеуметтік желілерде тараған «жер шетелдіктерге сатылады» деген мәлімдемелер — жорамал мен эмоцияға құрылған интерпретация, ал ресми құжатта ондай өзгеріс қарастырылмаған.
Конституция жобасының ресми мәтіні Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты сайтында және ресми басылымдарда жарияланған. Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Конституцияның жаңа жобасында Қазақстан Республикасының атауы өзгертіліп, «Қазақия» деп аталатыны туралы жалған ақпарат тарап жатқаны жайлы жазған болатынбыз. Тараған тезистердің қатарында «ел диктатураға көшеді», «демократия жойылады», «монархия орнайды» деген сияқты жалған мәлімдемелер бар.


