Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар шот ашуға міндетті ме

Фото: freepik.com
Ұлттық банк мұны міндеттемейді, бірақ жаңа Салық кодексі кәсіпкерлік табыс табатындарға бөлек шот ашуды талап етеді. nofake.kz/ мән-жайды түсіндіреді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың түсіндіруінше, банктік заңнамада мұндай міндеттеме жоқ. Алайда, жаңа Салық кодексінде бұл талап етіледі. Егер сіз кәсіпкерлікпен айналысып, табыс табатын болсаңыз, әкімшілендіру үшін, өзіңізге табысты бөлу ыңғайлы болуы үшін шот ашу қажет.
«Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға үшін шот ашу міндеті банктік заңнамада бекітілмеген. Сонымен қатар, кірістер комитеті өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларға мұндай шоттардың болуын ұсынады. Себебі бұл мынадай мүмкіндіктер береді: Табыстарды толыққанды есепке алуға; жеке тұлғалардың мобильді аударымдарын бақылауға түсу тәуекелін азайтуға; QR-кодтар, онлайн-төлемдер сияқты ыңғайлы төлем құралдарын пайдалануға; салық салудың ашықтығы мен айқындығы принциптерін (Салық кодексінің 27-28 баптары) сақтауға», -делінген ведомство хабарламасында.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар төлемді жеке картасы арқылы қабылдай берсе, не болады?
Негізгі қауіп – мобильді аударымдарды бақылау. Салық органы жеке аударымдарды кәсіпкерлік табыс деп есептеуі мүмкін немесе ақшаның қайдан келгені анықталғанша операцияларды бұғаттауы ықтимал. Бөлек шот ашу арқылы «туыстардан келген ақша» мен «клиенттен түскен ақшаны» бір-бірінен ажыратуға болады.
Ал егер азамат кәсіппен айналыспаса және табысы болмаса, қосымша шот ашудың қажеті жоқ. Талап тек кәсіпкерлік әрекетпен айналысатындарға қатысты.
Банк арнайы шот ашуға мәжбүрлемейді, бірақ Салық органы сұрау салуы мүмкін. Күмәнді аударымдар тізіміне ілікпеу үшін бөлек шот ашқан немесе банктердің өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған қосымшаларын пайдаланған абзал.


