Алматы мектептерінде террорлық қауіп туралы тараған ақпарат -жалған

Фото: almatydc.kz
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматы қаласындағы бірқатар мектептерде террористік актілер дайындалып жатқаны жөнінде жалған ақпарат тарады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Құзырлы органдар бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде мәлімдеді.

«Қазіргі таңда қаладағы барлық білім беру ұйымдарындағы жағдай толық бақылауда. Полиция мен өзге де жедел қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Балалар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданған»,-деді қалалық полиция департаменті.
Сонымен қатар жалған ақпараттың таралу фактісі бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары басталды. Құқық қорғау органдары фейк хабарламаның авторы мен оның таралу көзін анықтауда. Аталған іске қатысы бар тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
«Құзырлы органдар азаматтарды сабыр сақтауға, дүрбелеңге берілмеуге және тек ресми ақпарат көздеріне — мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының хабарламаларына ғана сенуге шақырды. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне қатысты әдейі жалған ақпарат тарату ауыр құқық бұзушылық болып саналатыны және заңмен қатаң жазаланатыны ескертілді»,-делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ тұрғындарға тексерілмеген хабарламаларды таратпауға және қайта жолдамауға үндеу жасалды. Еске салсақ, бұған дейін Шымкент мектептеріне қауіп төнгені туралы фейк ақпарат тараған.


