Желіде мұғалімдерге жүктемені азайту туралы дипфейк тарады

Скрин видеодан
Әлеуметтік желілерде мұғалімдерге жүктемені азайту мәселесі көтерілген видео кеңінен таралып, ұстаздар тарапынан талқылануда, деп хабарлайды nofake.kz/.
Видеода өзін Мәжіліс депутаты ретінде көрсететін белгісіз ер адам Парламент залында сөйлеп тұрғандай әсер қалдырып, мұғалімдерден талап етілетін құжаттардың көптігін сынға алады және «жасанды интеллект жылы мұғалімдердің жұмыс үстемесін арттырмауы керек» деп мәлімдейді.
Алайда видеоның мазмұны мен визуалдық белгілерін талдау оның шынайы емес екенін көрсетеді. Видеода бейнеленген адам Қазақстан Республикасы Мәжілісінің қазіргі немесе бұрынғы депутаттарының қатарында жоқ. Сонымен қатар кадрлар Мәжіліс залына ұқсатып жасалғанымен, интерьер бөлшектері мен фондағы адамдардың бейнесі жасанды интеллект арқылы өңделгенін аңғартады.
Бейнежазбада ерін қимылы мен дыбыстың толық сәйкес келмеуі, мимиканың біркелкі болуы және қозғалыстардың табиғи еместігі дипфейк технологиясына тән белгілер ретінде байқалады. Бұл видеоның жасанды интеллект көмегімен жасалғанын көрсетеді.
Маңызды жайт – видеоны таратқан аккаунттың парақшасында мұғалімдерге арналған жасанды интеллектпен жұмыс істеу курстары жарнамаланған. Бұл дипфейктің ақпараттық емес, коммерциялық мақсатта, яғни аудиторияның сеніміне кіріп, қызмет сату үшін қолданылғанын меңзейді. Видео жарты миллионға жуық қаралым жинап, жүздеген пікір қалдырылған. Бұл мұндай жалған контенттің қоғамда тез таралып, көпшілік тарапынан шынайы ақпарат ретінде қабылдану қаупін арттырады.
Мамандар әлеуметтік желілерде тараған резонансты видеоларға сақтықпен қарап, ресми органдар мен лауазымды тұлғалардың мәлімдемелерін тек сенімді дереккөздер арқылы тексеруге кеңес береді. Айта кетейік, бұған дейін YouTube-те «Назарбаевтың қайтыс болғаны» туралы дипфейк тарады.


