NoFake

ҚҚС ет бағасына қалай әсер етті: Елорда базарларындағы жағдай

WhatsApp Image 2026 01 15 at 17.01.44

Фото: nofake.kz/

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда қосымша құн салығы 12%-дан 16%-ға пайызға өсті. Осыған байланысты nofake.kz/ тілшісі елорда базарлары мен сауда орындарындағы ет бағасын тексеріп көрді.

Сатушылардың айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуіне қарамастан, жыл басынан бері ет бағасында айтарлықтай өзгеріс байқалмаған. Бағалар негізінен өткен жылдың соңындағы деңгейде сақталып отыр. Мәселен, «Сауран» базарында жылқы еті 4000 – 4200 теңге, сиыр еті 4200 – 4300 теңге аралығында сатылуда. Қой етінің кез келген бөлігінің бір келісі 4000 теңге.

Вывеска
Фото nofake.kz/: "Сауран" базарындағы тақтайша

«Әлем» базарында жылқы етінің келісі 3100 теңгеден 3900 теңгеге дейін жетеді. Жая – 5000 теңге, қарта – 3500 теңге. Қой еті 4000 теңге, жауырыны 3900 теңге, мойын-төсі шамамен 3800 теңге. Ал сиыр еті 4300 теңгеден 5200 теңгеге дейін ұсынылады.

«Артем» деген атпен танымал, қазіргі «Астаналық базарда» да баға шамалас. Мұнда жылқы етін табақтап 3800 теңгеден алуға болады, ал бір сый табақ асым еттің бағасы 35 мың теңге көлемінде.

Мясо
Фото nofake.kz/: "Астаналық базар"

Ал «Шапағат» базарында сиыр еті салыстырмалы түрде арзан, келісі – 3300 теңге. Сатушылар баға айырмашылығы еттің сапасына, жеткізу жолына және сатушының шығынға байланысты екенін айтады.

Мясо
Фото nofake.kz/: "Шапағат" базары

Супермаркеттерде баға базармен салыстырғанда жоғары. Мәселен, «Магнум» сауда желісінде сиыр еті жеңілдікпен 4590 теңгеден басталып, еттің түріне қарай кесек еттің бір келісі 6690 теңгеге дейін жетеді. Қазының бір келісі 5865 теңгеден сатылуда.

Сатушылар не дейді

Базардағы сатушылардың сөзінше, баға ҚҚС өскеннен кейін де әзірге өзгермеген.

«Қазіргі баға жаңа жылға дейін де осы деңгейде болған. Кейбір ет түрлері бойынша өсім жоқ, айырмашылық тек базар мен өнімнің түріне байланысты», – дейді «Сауран» базарының сатушысы.

Бағаға не әсер етеді

Мамандардың пікірінше, қосылған құн салығының 16 пайызға жетуі бағаның қалыптасуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Сонымен қатар басқа саладағы баға өсімі де маңызды рөл атқарады. Бұл шығындардың барлығы өнімнің өндірістен бастап, тұтынушыға жеткенге дейінгі бағасына қосылады. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Айтуар Қошманбетовтің айтуынша, кәсіпкерлер бағаны шығынды ескермей ұстап тұра алмайды.

«Бағаға тарифтердің өсуі, жанармайдың қымбаттауы әсер етеді. Кәсіпкер тасымалға, жалға алу мен жұмысшылардың еңбекақысына қаржы жұмсайды. Сондықтан ешбір кәсіпкер шығынға жұмыс істемейді», – дейді депутат.

Статистика не көрсетеді

30 желтоқсандағы жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының орташа бағалары көрсетілген ресми кестеде сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігі ғана қамтылған. Оның республика бойынша орташа бағасы 1 келісі үшін 3245 теңгені құраған. Бұл кестеде барлығы 22 тауар көрсетілген.

Ал 2026 жылғы 8 қаңтардағы жаңартылған кестеде тауарлар тізімі 31 атауға дейін кеңейген. Онда сүйекті сиыр етінің орташа бағасы республика бойынша 3608 теңге, Астана қаласында 3888 теңге деп белгіленген. Сүйексіз сиыр еті ел бойынша 4895 теңге болса, елордада 6440 теңгеге жеткен.

Сондай-ақ тізімге жылқы еті мен қой еті енгізілген. Жылқы етінің орташа бағасы республика бойынша 4077 теңге, Астанада 4198 теңге. Ал қой еті ел бойынша 3810 теңге, елордада 4243 теңге деңгейінде тіркелген.

Журналистік зерттеу барысында ресми статистикадағы деректер мен базарлардағы нақты бағалар арасында айтарлықтай алшақтық жоқ екенін көрдік. Қосылған құн салығының 4 пайызға көбеюіне қарамастан, қазіргі таңда елордада ет бағасының күрт қымбаттағаны байқалмайды.

Оқу үшін