NoFake

Аудиодипфейк: жалған дауысты қалай ажыратамыз

Close up adult man browsing his mobile phone

Фото: freepik.com

Дыбыстық хабарламалар арқылы жасалатын аудиодипфейктерден қалай қорғануға болады? nofake.kz/ лайфхактарды ұсынады. 

Дауысты қолдан жасау технологиялары күн санап дамып келеді. Алаяқтар аудиодипфекі пайдаланып, азаматтарды алдауы мүмкін. Осы орайда, назарларыңызға дыбыстық дипфейкке алданып қалмаудың жолдарын ұсынады. 

Басты қағида – сыни ойлау 

ЖИ дәуірінде тек дыбыстық хабарлама мен ондағы дауысқа сену қауіпті. Кез келген ақпаратты тексеріп, бір ғана дауыстық хабарламаға немесе қоңырауға сүйеніп асығыс шешім қабылдамау қажет. 

Қоңырау шалған адамды тексеріңіз 

Егер сізге танысыңыз өтінішпен хабарласса, алайда оның дауысы күмәнді болса, онда асықпағаныңыз жөн болады. Тұтқаны қойып, міндетті түрде жақыныңызға қайта қоңырау шалып, оның сізге хабарласқанына көз жеткізіңіз. Әйтпесе, дыбыстық аудиодипфейктің құрбаны болуыңыз әбден мүмкін. 

Тек жақындарыңыз білетін құпия сөздерді пайдаланыңыз

Отбасыңыз, достарыңыз немесе тек әріптестеріңіз білетін арнайы сөз немесе тіркес ойластырып қойыңыз. Егер хабарласқан адам бұл сөздерді білмесе — бұл алаяқ болуы мүмкін. Сондай-ақ, қоңырау шалған адамнан екеуара білетін, өзіңіз жайлы ақпаратты сұрап көріңіз. Егер тұтқадағы адам оны да білмесе, оның алаяқ екеніне күмән келтірмеңіз. 

Интернеттегі аудиожазбаларға мұқият болыңыз

Дауысыңыздың ашық дереккөздерде қаншалықты көп болса, соншалықты аудиодипфейк жасау оңай болады.

Аудиодипфейктерді анықтау технологиясы қалай дамуда?

Түрлі елдерде компаниялар аудиодипфейктерді анықтайтын алгоритмдер әзірлеуде. Мұндай жүйелер жасанды сөйлеуге тән табиғи емес үзілістерді, интонация өзгерістерін және қайталанатын сөйлеу үлгілерін анықтай алады. Алайда мамандар ең озық технологиялардың өзі әзірге жүз пайыз нәтиже бермей отырғанын айтады. 

Сол сияқты, құпия деректермен жұмыс істейтін компаниялар қоңыраулар мен дауыс көмекшілері үшін екі факторлы аутентификация енгізе бастады. Яғни, мұндайда тұлғаны растау үшін тек дауыс жеткіліксіз болады. Ол үшін, мысалы, пароль енгізу немесе бірегей тіркесті айту сияқты қосымша тексеру қажет болады. 

Дипфейк қатерлерінің өсуіне байланысты кейбір елдер аудиодипфейктерге қарсы заң әзірлеуде. Мәселен, Қытай мен АҚШ-та синтезделген аудиожазбаларды міндетті түрде белгілеуді және иесінің келісімінсіз жалған дауыс жасағаны үшін жауапкершілік енгізетін заңдар қабылданды.

Ал, OpenAI мен Google сияқты ірі компаниялар дыбыстық ЖИ модельдеріне қолжетімділікті шектеу шараларын енгізіп жатыр. Десе де интернетте кез келген адамға дипфейк-дауыс жасауға мүмкіндік беретін ашық құралдар қазірдің өзінде көп.

Технологиялар дамыған сайын, шынайылық пен жалғанды ажырату қиындай беретіні сөзсіз. Одан қорғанудың бірден-бір жолы — сыни ойлау, техникалық шешімдер және тұлғаны сәйкестендірудің жаңа тәсілдерін қолдану.

Оқу үшін